Қ.Тоқаев: Еліміздегі су ресурстарының қолжетімді көлемі туралы нақты мәлімет жоқ
Елдегі құзырлы органдарда су ресурстарының қолжетімді көлемі туралы нақты мәлімет жоқ. Кейбір арналарда су ысырап боп ағып жатыр. Ал, суды есепке алу технологиялары әбден ескірген. Бұл – Президенттің Жолдауда арнайы тоқталған тақырыбы.
Кейінгі екі жылда су саласының институционалдық негізін қалыптастыра алғанымызбен, кейбір жұмыс баяу жүріп жатыр. Салаға жауаптыларға жаңа міндеттер жүктелді.
Рухани Әбдірахман, тілші:
- Қазақстан судың 45%-ін көрші мемлекеттерден алады. Елдегі су көлемінің 65%-і ауыл шаруашылығына жұмсалады. Иә, жеріміз нуға да, суға да бай. Бізде үлкенді-кішілі 85 мың өзен-көл бар. Бірақ бұл тіршілік нәрін оңды-солды ысырап қылуға рұқсат деген сөз емес. Қолда барды үнемдей алмай келеміз. Президент алдағы міндеттерді тізбектеп берді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қазір құзырлы органдарда еліміздегі су ресурстарының қолжетімді көлемі туралы нақты мәлімет жоқ. Кейбір каналдағы судың 50-60%-і далаға кетуде. Суды есепке алу технологиясы әбден ескірген. Суды бөліп тарататын орындарда қазіргі заманға сай құрылғылар жоқ. Шын мәнінде, су – стратегиялық маңызы бар ресурс, сусыз өмір жоқ. Сондықтан бұл сала ұлттық цифрлық жаңғыру жұмысындағы басты бағыттың бірі болуға тиіс.
Иә, бірыңғай цифрлық платформа қажет-ақ. Себебі жерүсті және жерасты сулары туралы мәлімет жоқтың қасы. Мәселе бұған дейін де айтылып келді. Енді осы цифрлық жоба іске қосылса, толыққанды гидрогеологиялық мониторинг жасай аламыз. Бір сөзбен айтқанда, қолда бар тіршілік нәрінің көлемін бақылаймыз.
Азаматхан Әміртай, «Байтақ» жасылдар партиясының төрағасы:
- Расымен де, Президент ол туралы дұрыс айтты. Себебі бізде Су министрлігі құрылды, Су кодексі қабылданды. Бірақ жүйелілік жоқ. Биылдың өзінде оңтүстік облыстарда су болмай қалды. Сырдарияның суы тізеге дейін жететін жағдайда болды.
Спикер айтқандай, кейде су азайып тізеге дейін жетсе, саладағы мәселе шаш етектен деген сөз бе? «Су тапшылығы жайында қанша ескертіліп жатса да, диқандар су үнемдеуді үйрене алмай келеді. Мәселені оңалтуға цифрландыру көмектеседі», - дейді мамандар.
Азаматхан Әміртай, «Байтақ» жасылдар партиясының төрағасы:
- Цифрландыруды пайдаланып, біз алдын ала бәрін көріп тұруымыз керек. Келесі жылы белгілі болжам болу керек, бізде мысалы судың көлемі қандай болады? Егер расымен де Өзбекстанмен, Қырғызстанмен, Ресеймен келіссөздер жүріп, суды көбейте алатын болсақ, біз алдын ала қимылдап олармен жұмыс жасауымыз керек.
Жақын болашақта Қазақстан су тапшылығын қатты сезетін елдер қатарына енуі мүмкін. Бұл әлемдік сарапшылардың болжамы.
Стивен О’Малли, БҰҰ Қазақстандағы тұрақты үйлестірушісінің міндетін атқарушы:
- Су тапшылығы үлкен апаттарға әкеп соғуы мүмкін. Егістіктегі ысырапшылдықтың кесірінен тіршілік көзінің көп бөлігін жоғалттық. Сондықтан Орталық Азия елдерінің қуаңшылықпен күресу, Аралды қолдау қоры сияқты маңызды бастамаларын жоғары бағалаймыз. Әрине, Балқаш пен Каспий теңізіндегі судың азаюына да алаңдап отырмыз.
Рухани Әбдірахман, тілші:
- Алдағы уақытта су саласына қатысты тағы да басқа өзекті жайт ескерусіз қалмауға тиіс. Мәселен, «қара нарықта» суды заңсыз сату. Бұл құқық қорғау органдары айналысатын міндет. Аралды қалпына келтіру үшін 20 жылдан астам уақыт күш салып келеміз. Осы қарқын жалғаса беруі керек. Сосын Қарт Каспийді қараусыз қалдырмау. «Себебі бұл бір елдің ғана емес, бүкіл аймақтың тағдырына қатысы бар мәселе», - деп қорытындылады Мемлекет басшысы.
Авторы: Рухани Әбдірахман