Қарағандыда Жолдауда айқындалған міндеттер талқыланды

Қарағанды облысында 120 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Соның 29-ы биыл іске қосылады, деп хабарлайды 24kz.

Өңірде өңдеу өнеркәсібін дамытуға басымдық беріліп отыр. Бүгінде облыста металды ыстық мырыштау цехы, тұрмыстық техникалар шығаратын зауыт сынды бірегей кәсіпорындар жұмыс істеп тұр. Президент Жолдауында айқындалған міндеттер бойынша өңірдің осындай даму мүмкіндіктері облыс әкімдігінде өткен жиында талқыланды. Алқалы отырысқа мемлекеттік органдардың басшылары, депутаттар, қоғам белсенділері қатысты.

Еліміз барлық салада цифрландыру мен жасанды интеллектіні тиімді пайдалануы керек. Бұл орайда Қарағанды облысында жүзеге асырылған жобалар аз емес. Мысалы «JoLScan» жүйесінің көмегімен жолдардың кем-кетігі анықталады. Сондай-ақ көшелерге «ақылды» бағдаршамдар, жаяу жүргінші жолағына адамның түрін тани алатын құрылғылар қойыла бастады. Ал сауда орындарында бағаны бақылайтын жүйе іске қосылды.

Ермағанбет Бөлекпаев, Қарағанды облысының әкімі:

- Жолдауда айтылған тағы бір маңызды ой – бүгінгі біздің басты байлығымыз мұнай емес, білім мен интеллект. Қарағанды ежелден білікті кадрлармен, мықты білім беру әлеуетімен танылған. Алайда заман талабы өзгерді. Қарағанды жастары машинамен ғана емес, алгоритммен, жасанды интеллектпен жұмыс істей білуі қажет.

Қарағанды облысы – өңдеуші өнеркәсіп бойынша елдегі жетекші өңірлердің бірі. Былтыр кәсіпорындар жалпы құны үш триллион теңгенің өнімін өндірді. Бұл өңірлік жалпы өнімнің 35%-ін құрайды. Облыста әлеуетті инвесторларды тартуға басымдық берілген. Биылдың өзінде 29 ірі жоба жүзеге асырылып жатыр.

Ермек Алпысов, Қарағанды облысы әкімінің орынбасары:

- Облыста экономикалық дамудың негізгі көрсеткіштерінің оң серпіні сақталуда. Қысқа мерзімді экономикалық индикатор 7,7%-ке ұлғайды. Инвестициялар көлемі 10%-ке өсті. Мемлекет басшысы Жолдауында инвестициялар тарту жүйесін түбегейлі жаңартуға баса назар аударды. Біз өзіміз үшін алдағы уақытта атқарылатын негізгі шараларды айқындадық.

Жиын соңында облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев қала, аудан және ауыл әкімдеріне Президент жолдауында белгілеген стратегиялық бағыттар бойынша жүйелі жұмыс атқаруды тапсырды.

Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Сайлау Игіліков, Аман Хамит