Шымкенттегі мектептерде биометриялық сәйкестендіру жүйесі іске қосылды
Енді оқушылар мектепке кіру үшін немесе асханадан тамақ алу үшін арнайы құрылғыға алақанын қойып, биометриялық сәйкестендіруден өтеді. Балалардың мектепке келіп кеткені жайлы ақпарат ата-аналарға бірден жеткізіледі. «Мұндай жобалар мектептегі қауіпсіздік пен тәртіпті күшейтеді дейді», - мамандар.
Цифрландыру жүйесі мегаполис мектептеріне жетті. Заманауи технология білім ордаларының асханасында да қолданылады. Тегін тамақпен қамтылған бастауыш сынып оқушылары енді түскі ас ішу үшін алақанын сканерден өткізеді. Бұл жаңашылдық тамақтандыруды оңтайландырып қана қоймай, артық шығынның шығуына да тосқауыл болмақ. Бұған қоса жаңа жүйе рұқсат қағазының әрі әмиянның да рөлін атқара алады.
Роза Жанабаева,№25 мектеп-гимназия директоры:
- «Алақан» қондырғысының негізінде балаларды тамақтандыру мектептер үшін жеңіл боп жатыр. Мұның алдында біз талон арқылы балаларға беріп, тамақтандырудағы қаржыларын акт жасау арқылы қолданып жүрдік. Ал енді биылғы оқу жылында биометриялық сәйкестендіруден баланың алақаны өткеннен кейін бірден олардың қаржысы түсіп отырады.
Енді ата-аналар баласының ас ішкенін SMS-хабарлама арқылы біле алады. Мұндай сканерлеу құрылғылары кітапханаларға да орнатылған. Жаңа жоба барлық білім ордасына енгізіліп жатыр.
Ақжаркын Тұрсынова, қалалық Білім басқармасының бөлім басшысы:
- Келген оқушы АПК арқылы міндетті түрде тіркеледі. Ол жерде қаржы қаралады. Егерде оқушы белгілі бір себептермен, ауырып, не басқа да отбасылық жағдалармен сабаққа келе алмай қалса, ол қаржы үнемделеді. Сол күні мектеп, білім беру ұйымының басшысы осы құрылғы арқылы сол жерде қанша оқушысы тамақтанғаны туралы толыққанды ақпарат алып отырады.
Президенттің білім беруді цифрландыру жөніндегі тапсырмасы аясында Шымкент мектептерінде басқа да жобалар қолға алынып жатыр. Оқушылар жасанды интеллектпен жұмыс істеп, робот құрастыруды әрі оны бағдарламалауды үйренуде.
Бейбарыс Оралов, №25 мектеп-гимназия оқушысы:
- Бұл – біздің жобаларымыздың бірі. Бұл автоматтандырылған тұрақтар жүйесі боп табылады. Бұл датчик арқылы өзінің тиесілі номіріне автоматты түрде барады және бұл робототехниканың негізгі мақсаттарының бірі автоматтандыру мен жеңілдету боп табылады. Осы арқылы болашақ үлкен модельдерде қарастыру жоспарланады.
Заманауи технологиялар білім беру жүйесінің ажырамас бөлігіне айналды. Әрине, оны меңгеру – уақыт талабы. Мұндай жаңа жобалар білім ордаларындағы қауіпсіздікті күшейтеді. Әрі оқушылардың сапалы білім алуына да жол ашады.
Авторлары: Асланбек Шығыр, Катерина Попкова, Нұрмахан Мұсатов