Өскеменде көлік шеберлері сайысқа түсіп жатыр

Отандық машина жасаушылар электромобильдерге техникалық қызмет көрсету жолдарын зерттеуде. Өскеменде халықаралық әріптестік аясында Қазақстан мен Қытай мамандары электр қозғалтқыштарын жөндеу және диагностикалау бойынша жарыс өткізіп жатыр.

Шеберлердің жұмысын аспан асты елінен келген мамандар бағалайды. Үздік шыққандар Қытайдағы ең ірі автокөлік шығаратын зауыттарда тәжірибеден өтеді.

Бұл – Шығыс Қазақстандағы техникалық университеттер мен колледждердің студенттері үшін халықаралық тәжірибелерді игеруге үлкен мүмкіндік. Қазір олар Өскемендегі Лу-Бань шеберханасында шеберліктерін шыңдап жатыр. Өзара сайысқа түсіп, осындағы ең соңғы үлгідегі электромобильдерді жөндейді. 

Мұрат Мұздыбаев, профессор, техника ғылымдарының кандидаты:

- Біз халықаралық стандарттарды игеруге талпынуымыз керек. Ол үшін осындай байқауларды ұйымдастыру және оған қатысу міндетті. Бұл жерде жоғары кәсіби мамандардан кеңес алуға мүмкіндік мол.

Командалар бір сағат ішінде барлық электр жабдықтарын тексеріп, ақауларды табуы керек. Анықталған кемшіліктерді жөндеу міндетті. Шеберлер жұмысын қытайлық автозауыттардың инженерлері тексереді. Үздіктер шыққандар сол елде тәжірибеден өтеді. 

Лияс Исақанов, ШҚТУ студенті:

- Қазіргі ең басты мәселе кадр тапшылығы. Қазақстандық көлік нарығында күн санап тоқпен жүретін және гибридті көліктер саны артып келеді. Ал оларға қызмет көрсететін мамандар аз. Осы сайыс отандық шеберлердің біліктілігін арттырады деп сенемін.

Елде электромобильдерге сұраныс артып келеді. Тиісінше, автозауыттар мен көлік салондары тарапынан да жаңа технологияны игерген мамандардың қатарын көбейту қажет. Жыл басынан бері Қазақстанға 7 мыңнан астам электр пойызы жеткізілген. Ал электрмен жүретін көлік саны екі есе өсіп, 15 мыңға жетті.

Кирилл Ларионов, Көлік жөндеу кәсіпорнының директоры:

- Қазіргі уақытта бұл сала өте қарқынды дамып келеді. Жолаушы тасымалдайтын ірі кәсіпорындардың өзі электроомобильдерге көшіп жатыр. Сондықтан оларға қызмет көрсететін мамандар қазір бізге ауадай қажет.

Қазақстанның машина жасау саласы уақытпен қатар дамуда. Электромобильдер осыдан бірнеше жыл бұрын болашақтың көлігі ретінде айтылатын. Қазір отандық өндіріске де біртіндеп ене бастады. Соның бір дәлелі ретінде Алматыда ашылатын электроавтобус шығаратын зауытты айтуға болады.

Авторлары: Елдос Кәкенов, Вячеслав Ветлугин, Жигер Бабаканов