Жеті жеңіл ұшақтың қызметі тоқтатылды
Әзірге ұшуға уақытша тыйым салынған. Себебі соңғы кезде жиілеген апаттарға байланысты Көлік министрлігі жоспардан тыс тексеріс жүргізді.
Сонымен 31 әуе кемесінің жетеуінен кемшілік табылды. Нормативтік құқықтық актілер талаптарын сақтамапты. Бірақ авиациялық әкімшілік тексерісті тоқтатқан жоқ. Назарға жеке тұлғалардың заңсыз ұшуы іліккен. Бұған қоса, ақпарат көздері мен әлеуметтік желілердегі жариялымдарға бақылау жалғасып жатыр. «Эксклюзив», «экскурсия» және басқа да рейстерге арналған жарнамалар көбейген. Бұлардың біразына рұқсат болмай шықты. Қазір жалпы мақсаттағы авиацияны пайдаланушылар мен жалдамалы әуе тасымалы және авиациялық жұмысты орындауға тыйым салынды. Талапты бұзған операторлар жауапкершілікке тартылады.