Алматы облысында 122 жоба жүзеге асады

Алматы облысына биыл 1 трлн 352 млрд теңге инвестиция тарту жоспарланып отыр.

Жыл басынан бері өңір экономикасына  620 млрд теңге инвестиция құйылған. Облыс аумағында өңдеу өнеркәсібімен қоса туризм кластерін дамытуға арналған ірі жобалар жүзеге асып жатыр. Бұл мәселелер Президент Жолдауын талқылдау жөніндегі кеңейтілген кеңесте  талқыланды.

Жолдаудағы басымдық берілген 7 бағыттың бірі өңірлерге инвестиция тарту. Алматы облысы бойынша биыл негізгі капиталға 1,4 трлн теңгеге жуық инвестиция құйылуы тиіс. Алдағы уақытта еліміздің бұл өңірінде жалпы құны 3,5 трлн теңге болатын 122 жоба жүзеге асады. Соның 29-ы жыл соңына дейін іске қосылады.

Марат Сұлтанғазиев, облыс әкімі:

- Жыл соңына дейін қосымша 815 млрд теңге көлемінде инвестиция тарту міндеті тұр. Ол оңай жұмыс емес, сондықтан оны орындау үшін нақты нәтижеге бағытталған іс-қимылдар қажет. Ол жұмысты толық орындауға мүмкіндіктеріміз бар.

Жолдауда Алатау қаласына айрықша мәртебе берілетіні айтылды. Қала аумағы бүгінде 100 мың гектарға жетіп қалды.

Роза Әбілова,  Алатау қалалық Мәслихатының хатшысы:

- 2024 жылы қаңтар айында Президентіміздің Жарлығына сәйкес Алатау қаласы құрылды. Сол уақыттан бастап бірнеше жұмыс атқарылды. Соның ішінде 12 ықшам аудан бекітілді. Бас жоспары бекітілді. Қаламыздың дамуына барлық жағдайлар бар.

Марат Сұлтанғазиев, облыс әкімі:

- Бізде бұл арнайы экономикалық аймаққа тек Алатау қаласы кірмейді ғой. Қонаев қаласының біраз аумағы бар, Жаңа Іле, әуежайдың төңірегі де бар. Соның бәрін зерттеп, министрлікпен келісіп, Алатау арнайы экономикалық аймақты екіге бөлуін қарастыру керек.

2037-2039 жылдары Алатау қаласындағы халық саны екі миллион адамға жетеді деген болжам бар. Онда 100 мыңнан астам жаңа жұмыс орыны ашылады. Кеген ауданындағы Қара шатқалға ұзындығы 170 метрлік аспалы көпір, «Шарын» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде «Номад» қалашығын салу жұмыстары қолға алынды. Инвесторлар Шарынға 28 млн АҚШ долларын құюды жоспарлап отыр.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Аят Дүйсенбаев, Аманжол Жөңкешов