Ақтөбе облысында мектептерге жасанды интеллект жаппай енгізіліп жатыр
Осы мақсатта мұғалімдер арнайы курстан өтіп, алған білімдерін сабақтарда қолданып жүр.
№72-ші мектеп-лицейінде осыған дейін тек информатика пәнінің ұстаздары ғана жасанды интеллект арқылы сабақ беріп келген. Ал жаңа оқу жылынан бастап тың технологияны физика және тарих, тіпті бастауыш сынып мұғалімдері де қолдана бастады. Заманауи онлайн платформалар ұстаздардың жұмысын жеңілдетіп, уақытын үнемдейді.
Дәурен Қайратбек, мұғалім:
- Жасанды интеллектіні қолдану біріншіден мұғалімге көмекші. Тапсырмалар дайындауда. Оқушыларды саралауда. Оқу жоспарын, сабақ жоспарын құруда көмек көрсетеді. Жасанды интеллектіні оқушылардың қабылдауы өте жеңіл қабылдады. Өйткені, ондағы әртүрлі анимациялық суреттер, видеолар мен тапсырмалар оқушылардың көңілінен шықты.
Білім ошағында арнайы курстан өткен педагогтар әріптестеріне түрлі шеберлік сағаттарын өткізеді. Енді мұғалімдер тың технологияны тек оқушыларға ғана емес, ата-аналарға да үйреткісі келеді.
Нұргүл Жұмағұлова, мектеп директорының орынбасары:
- Екінші тоқсанның кезінде ата-аналармен жұмысты бастаймыз. Яғни, мастер кластар дайындаған болатынбыз. Соларды өткізетін боламыз. Жылдың аяғында ата-аналардың арасында «менің жасанды интеллект көмегімен жасалған алғашқы жобам» деген сайыс өткіземіз.
Нұргүл Бертілеуова, облыстық Білім басқармасы басшысының орынбасары:
- Жасанды интеллект бұл педагогтарды алмастыра алмайды. Бұл бар болғаны көмекші құрал ғана. Енді оқу процесіне жасанды интеллектіні еңгізу бұл оқу процесін оңтайландыруға, балалардың цифрлық құзыреттілігін арттыруға көмектеседі.
Қазір аймақта 26 мыңнан астам мұғалім жасанды интеллект бойынша сабақ береді. Алдағы уақытта олардың қатары арта түспек. Өйткені өңірде сандық жүйені меңгергісі келетін ұстаз көп.
Авторлары: Абзал Азаматұлы, Наталья Салькова, Болат Молдағалиев