Ақтауда Жолдаудағы тапсырмаларды іске асыру жолдары талқыланды
Ақтауда облыс активінің кеңейтілген отырысында Президент Жолдауында айтылған тапсырмаларды іске асыру жолдары талқыланды, деп хабарлайды 24kz.
Қазір аймаққа инвестиция тарту бағытында жүйелі жұмыс жүріп жатыр. Шетелдік компаниялармен жасалған келісім аясында көлік-логистика, машина жасау, цифрландыру және балық шаруашылығы саласында ауқымды жобалар жүзеге асты. Мәселен Ақтау портында контейнерлік хабтың бірінші кезеңі аяқталды. Ал 2028 жылға дейін қуаты 11 млн тонна болатын «Саржа» теңіз терминалы пайдалануға берілуі тиіс. Таяуда Ақтау халықаралық әуежайында құны 1 млрд доллар болатын логистикалық және авиациялық хаб құрылысы басталмақ. Сондай-ақ туризм бойынша жалпы құны 193 млрд теңге болатын 19 жоба жүзеге асады деп күтілуді. Атап айтсақ, Бозжыра, Шерқала, Айрақты, Кендірлі және жылы жағажай аймағын дамыту арқылы жаңа жұмыс орындарын құру жоспарланып отыр.
Нұрдәулет Қилыбай, облыс әкімі:
- Республикалық деңгейдегі жобалардың бірі Маңғыстауға тікелей қатысты. Президенттің айтқаны – «Бейнеу – Сексеуіл» жолын тезірек аяқтау. Қазір бізде шетелдік компаниялардың сұрап отырғаны да сол. Егер Бейнеу мен Сексеуілдің ортасындағы жол салынып бітетін болса, онда тасымалдау уақыты одан сайын қысқарады. Яғни, Қазақстанға ірі алпауыт компаниядардың қызығушылығы артатыны сөзсіз.