Қарағандыда жаңа энергия блогының құрылысы басталды
Қарағандыдағы 3-ші ЖЭО базасында жаңа энергия блогының құрылысы басталды, деп хабарлайды 24kz.
Осылайша энергетикалық жүйеге түсетін жүктемені азайту көзделеді. Қазір облыс орталығында құрылыс қарқынды.
Мерей Мұратханқызы, тілші:
- Қарағандыдағы жаңа энергия блогы өңір қуатын еселей түседі. Мұнда алдағы үш жылда қосымша 140 мегаватт электр энергиясы, сондай-ақ сағатына 180 гигакалория жылумен қамту мүмкіндігі бар. Демек, энергетикалық жүйеге түсетін жүктеме біршама азаяды. Жоба құны 134,6 млрд теңге.
Ермағанбет Бөлекпаев, Қарағанды облысының әкімі:
- Бүгін біздің Қарағанды қаласы үшін маңызды күн деп айтуға болады. Себебі үшінші ЖЭО жаңа энергоблогының құрылысын бастағалы тұрмыз. Осы жобаны іске асыру арқылы өңірімізді өнеркәсіптік, әлеуметтік және экономикалық дамытуға қуатты серпін берілетін болады.
Бұдан бөлек, Абай ауданындағы Топар мемлекеттік аймақтық электростанциясында қуаты 130 мегаватт болатын жаңа турбина іске қосылды.
Андрей Соловьев, Қарағанды МАЭС-2 операциялық директоры:
- Станциямызға 62 жыл болды. Қазір техникаларымызды жаңғыртып жатырмыз. Міне, үшінші машинаны жаңасына ауыстырдық. Стансаның қуаттылығы да 643-тен 773-ке дейін арттырылды.
Өңірде жас энергетиктерді баспанамен қамтуға көңіл бөлініп жатыр. Әзірге жаңа үйлер Топар ауылында бой көтеруде. Келешекте Балқашта салу жоспары бар.
Авторы: Мерей Мұратханқызы