Әуеде 2,8 млн дрон ұшып жүр
Адам жердің беті ғана емес, аспанды да толтыратын түрі бар. Қазір дрон өндірісінде бәсеке күшті. Тіпті адам емес, дрондар соғысып жатқаны елге мәлім. Мұны қазір қолы жеткен ғана емес, кез келген адам сатып алады. Айдаладағы малшы да, жерасты құбыр тазартқан сантехник те пайдаланады.
Дрон өндірісі әлемде үлкен қарқынмен дамып келеді. Ресми деректерге сүйенсек, былтыр дүниежүзі бойынша коммерциялық мақсатта қолданылатын дрондар саны шамамен 2,8 миллионға жеткен. Сарапшылар алдағы үш жыл ішінде бұл көрсеткіш 5 миллионға жуықтайды деп болжап отыр.
Дрон жасауда Қытай, АҚШ және Израиль жетекші орынға ие. Әсіресе Қытайдың DJI компаниясының үлесі басым. Әлемдік нарықтың 70%-ын, ал АҚШ ішкі нарығының 80%-ын иеленіп отыр. Дрон әлеуеті жуырда Жеңіс шыңында нақты сынақтан өтті. Қырғызстанның Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитеті аяғы сынып, биікте қалып қойған альпинист Наталья Наговицынаны бақылау үшін дрон ұшырды. Қолайсыз ауа райы мен қиын рельефке қарамастан, дрон тікұшақ жете алмаған биіктікке көтеріліп, жағдайды алыстан бақылап, бейнежазба түсіре алды.
Бұл оқиға дрондардың тек әскери немесе коммерциялық салада емес, төтенше жағдайлар мен құтқару жұмыстарында да маңызы арта түскенін көрсетті. Қазір коммерциялық және әуесқой дрондар 120 м биіктікке дейін ғана ұша алады. Бұл қауіпсіздік және әуе қозғалысымен қақтығысты болдырмау үшін қажет. Ал техникалық мүмкіндігі жоғары аппараттар арнайы рұқсаттармен 10-13 шақырым биіктікке дейін көтеріле алады.
Елдер арасындағы технологиялық бәсекелестік дрон өндірісін әрі қарай дамытуға серпін береді. Дегенмен, кей тараптардың ұшқышсыз ұшу аппараттарын қарулы қақтығыстарда белсенді қолдануы бұл саладағы қауіпсіздік мәселесін күрделендіріп отыр.
Майкл Хиллиард, сарапшы:
- Орталық Азия әлемдік үрдістен қалмай келеді. Кейінгі уақытта түрлі өңірлердегі қақтығыстарға байланысты дүниежүзі елдері ұшқышсыз ұшу аппараттарын сатып алу бағдарламаларын жеделдеткен. Дрон өндіру бойынша бірлескен жобалар кей тараптардың ықпалын күшейтіп отыр.
Құрама Штаттар билігі әскери дрондарды зымырандар санатынан сызып, енді ұшақ ретінде экспорттауға ниетті. Биыл маусым айында Дональд Трамп федералдық авиация басқармасына америкалық дрон технологияларын жеделдетіп дамыту туралы жарлыққа қол қойды. Қорғаныс министрі өндірісті арттыруды тапсырған. Ал Қытаймен технологиялық және әскери бәсекелестік халықаралық дрон нарығына ықпал етіп жатыр. Өйткені ұшқышсыз аппарат мүмкіндігі мол жаңа қару құралына айналып отыр.
Авторы: Нұрбике Қартбаева