Павлодарда «Мерейлі отбасы» байқауы қорытындыланды

Павлодарда республикалық «Мерейлі отбасы» байқауының облыстық кезеңі қорытындыланды.

Байқауға ұрпақ өрбітіп, білім мен еңбекті ұштастырған шаңырақ иелері қатысты. Ел Президенті 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы», - деп жариялағаны белгілі. Облыстық байқауда бас жүлдені жеңіп алған кеншілер әулетінің еңбек өтілі 250 жылдан асады.

Облыстық кезеңге 26 отбасы жолдама алыпты. Оның 13-і іріктеуден өтіп, үшеуі жүлделі орынға ие болды. Бірінші орын – Екібастұз қаласында тұратын кеншілер әулеті, Сейфула Тұрсынбаевтың отбасына бұйырды.

Сейфула Тұрсынбаев, Екібастұз қаласының тұрғыны:

- Мына разръез 1950 жылы ашылған кезде бала кезімде барып жүретінмін. Сонда осы разръезде жұмыс істеймін деп ойлайтынмын. Содан 18-ге толып, оқу бітіріп, разръезге келдім, қазірге дейін жұмыс істеп жатырмын. Менің артымнан балаларым ізімді басып жүр.

Бұл әулеттің көмір кенішіндегі жалпы еңбек өтілі - 250 жылдан асады. Сейфула ағаның төрт баласы мен зайыбы бір ұжымда жұмыс істейді. Тәрбиенің бастауы – еңбекқорлықта жатыр дейді ол. Бұл жалпы байқауға қатысқан әр отбасына тән ортақ қасиет.

Айгүл Мәлікова, облыс әкімінің орынбасары:

- Жобаның жалпы ерекшелігі кез келген отбасы қатыса алады. Әр саладан болсын өзінің өнерін, жетістіктерін көрсете алады. Отбасыларға тілейтінім татулық, шаңырақтары биік болсын.

Байқау лауреаттары мен жеңімпаздарына құрмет көрсетіліп, бағалы сыйлықтар табысталды. Ал республикалық кезеңде облыс  намысын Тұрсынбаевтар әулеті қорғайды.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев, Марат Игіліков