Маңғыстауда заңсыз қоқыс алаңдары жойылды
Маңғыстау облысында 60-тан астам заңсыз қоқыс алаңы жойылды.
Жерсеріктің көмегімен анықталған полигонның көбі Ақтау мен Мұнайлы ауданының аумағында екен. Жыл басынан бері қоршаған ортаны ластаған 4 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Мамандар елдімекендердің айналасына тұрақты бақылау жүргізу мүмкін емес дейді. Сол себепті рұқсатсыз қоқыс төгу дерегі жыл сайын қайталанады.
Олжас Шаңытбаев, Экология департаментінің бас маманы:
- «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық республикалық науқаны аясында біздің өңірде жұмыстар қарқынды жүріп жатыр. Жыл басынан бері ол акцияға 47 мың 700 адам қатысып, 13 мың 500 ағаш түптері отырғызылды. Сонымен қатар, 1140 техника жұмылдырып, нәтижесінде 19 мың 450 тонна қоқыс шығарылған болатын. Телеграм чатында «Таза Қазақстан» боты іске асырылды. Жыл басынан бері 512-ден астам өтініш келіп түскен. Қазіргі таңда соның 450-і орындалды.