Атырауда су үнемдеу технологиясы енгізілді
Атырау облысы Махамбет ауданының диқандары ылғалды үнемдеу мақсатында тамшылатып суару технологиясын қолдана бастады.
Нәтижесі жаман емес. Шаруалар биыл картоп пен сәбіздің әр гектарынан 70-80 тонна өнім жинауды межелеп отыр. Климаты қатал, жауын-шашыны аз аймақтың егіншілері тамшылатып суару әдісінің тиімді екеніне көз жеткізген. Бүгінде облыс бойынша 9600 гектар алқап жаңа технологияға көшіріле бастады. Сондай шаруалардың бірі Қоныс Ерманов ерте көктемде 102 гектар алқапты игеріп, 12 түрлі дақыл екті. Бүгінде бақша өнімдерінің біразын жинап алды. Тек, сәбіз, қызылша, жүгері секілді кеш пісетін өнімдерді соңғы рет суарып жатыр. Тамшылатып суару әдісін жете меңгерген шаруа сәбіздің гектарынан 80 гонна өнім алуды көздейді.
Қоныс Ерманов, шаруа қожалығының жетекшісі:
- Тиімділігі тегіс суарылады, су шығын болмайды. Қанша су берсеңіз де өнімге жетеді. Сосын беріп отырған тыңайтқыш. Ол дәл барады. Ал арықпен суарғанда толық жайылмайды. Басына көп кетеді, аяқ жағына жетпей қалады.
Махамбет ауданы бойынша 100 -ден аса шаруашылық 4,5 мың гектарға егіс алқабына осы әдісті қолданды. Олардың алды өнім жинай бастады. Сонымен қатар, жаңбырлатқыш құрылғы арқылы суландырылған 2700 гектарға егілген мал азығы дақылдарының да шығымы жақсы.
Олжас Жексенбаев, Махамбет аудандық Кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:
- Мал азықтық дақылдар бойынша айта кететін болсақ, 12 шаруашылықта 30 жаңбырлатып суару құрылғысы бар. Онда 1 жылдық шөптер, көп жылдық жоңышқалар егілген. Дәстүрлі әдіспен егілген егіс болса, онда булану процессі бар, топыраққа сіңу. Ал тамшылатып суару әдісімен егілгенде өнім мол болады.
Биыл Атырау егіншілері 9600 гектар жерге тұқым септі. Оның басым бөлігі осы Махамбет ауданының үлесінде. Табыс кілтін тамыршыдай тап баса білген шаруалар су үнемдеу технологиясының тиімді екенін түсінді. Енді махамбеттіктердің тәжірибесіе өзге аудандар да қолданады.
Авторлары: Арыстанбек Кенже, Айбек Байзақов, Жандос Рахметуллин