Атырауда Жолдаудағы міндеттерді іске асыру жөнінде жиын өтті
Атырауда Президент Жолдауы жүктеген міндеттерді іске асыру шаралары жөнінде жиын өтті.
Стратегиялық маңызды құжатта айтылған ой мен тың бастамаларды көпшілік оң қабылдады. Жергілікті билік атқарылатын жұмыстарды пысықтап, жоспар жасады. Облыс әкімі Серік Шәпкеновтің төрағалығымен өткен жиынға депутаттар, басқарма басшылары, қала және аудан әкімдері мен зиялы қауым өкілдері қатысты.
Жолдауда айтылған негізгі бағыттар бойынша өңірде бірқатар жоба қолға алынды. Цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект енгізуге ерекше көңіл бөлініп, «Nazar» жобасы аясында 64 мектепке 2 мыңнан астам бейнебақылау камерасы орнатылды. Сондай-ақ «Aqyldy Qala» жобасы да жасанды интеллектке негізделген. Бұдан бөлек цифрлық сауаттыллықты арттыру мақсатында былтырдан бері IT Hub жұмыс істеп тұр.
Равиль Қаржауов, ІТ hub менеджері:
- Ең басты мақсат өңіріміздің IT саласын дамыту және Start Up-тарға қолдау көрсету. Атырау әкімдігімен бірге Атырау IT Hub тегін оқу курстарын іске асырып отыр. Ол жерде 16 жастан 45 жасқа дейінгі азаматтар оқып, жаңа квалификация ала алады.
Жиында облыс әкімі 2029 жылға дейін жалпы құны шамамен 7 трлн теңге болатын 46 инвестициялық жобаның іске асырылып, 6 мыңға жуық жұмыс орнының ашылатынын айтты. Ауыл шаруашылығы саласын дамытуға да ден қойылып отыр. Бүгінде құрама жем зауыты мен бордақылау алаңы пайдалануға берілді. 2027 жылға дейін жалпы құны 48 млрд теңгелік тағы 11 жоба жүзеге асырылады.
Серік Шәпкенов, облыс әкімі:
- Президенттің біздің алдымызға қойған 7 нақты айқындап берген бағыты бар. Осы бағыттар бойынша біз әрі қарай жұмысымызды жалғастырамыз өңірімізде. Біз мұнай-газ саласынан бір бөлек экономиканы әртараптандыруды жолға қоятын боламыз.
Экология саласы да басты назарда. 2021 жылмен салыстырғанда зиянды шығарындылар көлемі 24%-ға азайған. «Сасық сай» полигонының 476 гектары рекультивацияланды. Облыс әкімі Жолдауда көрсетілген әр бағыт бойынша жүйелі жұмыстардың жалғасатынын айтты.
Авторлары: Асланбек Шығыр, Айбек Байзақов