АЭА-ға инвестиция көлемі артты

Биыл алғашқы жартыжылдықта «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағына 10 млрд теңгеден астам инвестиция құйылды.

Оның жартысына жуығы шетелден келген. Алты айда жалпы құны 34 млрд теңге болатын өнім өндіріліп, мемлекетке 3,2 млрд теңге көлемінде салық түсті. Арнайы аймаққа инвестиция көлемінің артуының арқасында 8 кәсіпорын құрылып, екі мыңдай жұмыс орны ашылды. Олардың арасында өңірде бұрын болмаған жобалар да бар.

Мемлекет басшысы Маңғыстауға сапары барысында арнайы экономикалық аймақтың әлеуетін дамытуға ерекше назар аударуды тапсырды. Әсіресе өңдеу саласына басымдық беру қажеттігін айтты. Қазір арнайы экономикалық аймақта елде баламасы жоқ зауыт жұмыс істеп тұр. Кәсіпорын мұнай өндіру, су тұщытуда қолданылатын химиялық қоспа шығарады. Жоба былтыр пилоттық режимде іске қосылды. Оған қазақстандық кәсіпкер 3 млрд теңге инвестиция құйған. Өндіріс орнында жиырмадан астам адам еңбек етеді. 

Әсел Рахманова, зауыт қызметкері:

- Қазіргі таңда 9 түрлі химияға индустриалды сертификат алдық. Ол дегеніміз яғни демульгатор шығарамыз. Су тазартуға полиэксидті хлорид шығарамыз, яғни ауыл шаруашылығына қажет. Қыстың кезінде жердің, яғни асфальттың қауіпсіздігі үшін қолданатын, мұз болған кезде соның үстіне себетін арнайы химияларымыз бар.

Өндірісі өркендеген арнайы аймақта металл сынықтарын қайта балқыту, полипропилен және полиэтилен бұйымдарды, су тазартқыш сүзгілерді шығаратын  ірі зауыттар бар. Таяуда Ақтау әуежайының ұшу-қону жолағы және перронды қайта жаңғыртуға қажетті материалдарды әзірлейтін жоба басталды. Соған сәйкес, көптеген жұмыс орны құрылған. 2002 жылы арнайы экономикалық аймақ құрылғалы бері 347 млрд теңге инвестиция тартылған. 177 млрд теңгесі шетелден келді. Жаңа өндіріс орындарының ашылуымен аймақтың жалпы аумағы 2,5 есеге ұлғайды.

Мүбәрак Төлегенов, «Ақтау теңіз порты» АЭА» АҚ басқарма төрағасы:

- Осы жылдың 7 айында 8 жаңа жоба тіркелді. Оның жалпы инвестиция көлемі 53 млрд теңге және 800-ден астам жаңа жұмыс орнын құра алады. Құрылғаннан бері мемлекетке 68,4 млрд теңге салық түсімдері түсті. Ол өте жоғары көрсетіткіш болып есептеледі.

Маңғыстауға инвестиция тарту мақсатында арнайы экономикалық аймақта басым қызмет түрлерінің тізімі кеңейтілген. Мәселен, бұрын 24 бағыт бойынша жұмыс атқарылып келсе, соңғы жылдары 45 жаңа бағыт бекітілген. Олардың қатарында туризм, су өңдеу,  тоқыма бұйымдар, әуе және теңіз көліктерін  жөндеу тағы басқа да өндіріс түрлері бар. Инвесторлардың бизнеске қолайлы әрі алаңсыз жұмыс істеуі үшін арнайы аймақтың қызмет ету мерзімі 2053 жылға дейін ұзартылды.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев