Еңбегімен елге үлгі Өзбековтер отбасы республикалық байқауға жолдама алды

Солтүстік Қазақстан облысында тұратын Өзбековтер жанұясы «Мерейлі отбасы» байқауының республикалық кезеңіне жолдама алды, деп хабарлайды 24kz.

Өнегелі әулет қоғамда адал еңбектің үлгісін көрсетіп жүр. Отағасы Сайлау ауыл шаруашылығы саласында механизатор, ал жұбайы Кәмшат – мұғалім.

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:

- Солтүстік Қазақстан облысында орақ науқаны қызып тұр. Диқандар қауымы дала төсін дүбірге бөлеп, егін жинап жатыр. Солардың бірі – Сайлау Өзбеков. Ол шаруашылықта механизатор болып жұмыс істейді. Трактор тізгіндеген нағыз еңбек адамы.

Сайлау Өзбеков, механизатор:

- Жұмыс қиын. Түнде де жұмыс істейміз. Химияда жүреміз. Күн-түн ауысыммен істейміз. Онсыз болмайды. Өзіме ұнайды өз жұмысым. Техниканы айтып отырмын ғой, бала кезімнен сол қызық болды. Сол осы уақытқа дейін қолым рөлде, үнемі техникамен жүремін.

Сайлаудың жары Кәмшәт Өзбекова да адал еңбектің арқасында ортаға сыйлы. Ол Приишим орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Бұл оның бала кезден армандаған мамандығы.

Кәмшәт Өзбекова, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі:

- «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға...», деп Абай атамыз атады ғой, енді қолымыздан келгенше білгенімізді үйретіп жатырмыз. Алған білімімізді, колледжден алған, университеттен алған білімімізді енді беріп, үйретіп жатырмыз. Алдымыздан қанша оқушы үйреніп, оқып кетті.

Өзбековтер отбасы Шал ақын ауданына қарасты Ортақкөл ауылында тұрады. 2007 жылы шаңырақ құрған Сайлау мен Кәмшәт 4 бала тәрбиелеп отыр. Отағасы ұлдарын жастайынан еңбекке баулып, бойларына жақсы қасиеттерді сіңіріп келеді.

Дәулет Сұлтан, оқушы:

- Әкем маған жылқы туралы басқа да жақсы нәрселер үйретті. Анам: «Ақылды бол, сабағыңды жақсы оқы», - деп айтады әрдайым. Бос уақытымда футбол ойнаймын. Отын жарамын. Үйдің жұмыстарын жасаймын. Үйде анама көмектесемін, әкеме көмектесемін.

Өзбековтер отбасы қоғамдық іс-шаралардан қалыс қалған емес. Биыл олар «Мерейлі отбасы» байқауына қатысып, облыстық кезеңде бірінші орын алды.

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков