Түркістан облысында стадион жаңғыртылды
Созақ ауданының орталығы Шолаққорған ауылындағы ескі стадион жаңғыртылды.
Нысанды күрделі жөндеу үшін аудандық бюджеттен 427 млн теңге бөлінді. «30 жылдық тарихы бар стадионның жөнделгені спорттың дамуына серпін береді», - дейді тұрғындар.
2000 жылы демеушілердің есебінен салынған орталық стадион соңғы жылдары ескіріп, жарамсыз күйге түсті. Ойын алаңын шөп басып, жүгіру жолақтары тесіліп қалды. Көрермендерге арналған орындықтар да қирап қалған болатын.
Нұрдәулет Бақытжан, футбол үйірмесінің мүшесі:
- Бұл стадион бұрын ескі, тесік еді. Біз ойнай алмайтын едік. Қазір жаңа стадион соғылып, көп жаттығу жасайтын болдық. Көп жарыстарға баратын болдық. Стадион өте әдемі, ыңғайлы. Бұл жерде үлкен жарыстар өтеді.
Шолаққорған ауылының тұрғыны Тобағабыл Өмірзақов - Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушы. Бір кездері өзі де жасыл алаңда теңбіл допты ұршықша иіріп, футболдың көрігін қыздырған. Ардагер спортшы ескі стадионның жаңғыртылып, жастардың спортпен айналысуына мүмкіндік жасалғанына риза.
Тобағабыл Өмірзақов, ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушы:
- Спортшылар сыртқа барып ойнап келіп жатыр. Ал өзімізде өтіп жатса қандай тамаша. Жастар жеңіл атлетикамен айналысып жатса қандай тамаша. Енді халыққа мүмкіндік туды. Қазір енді жүгіре ме, ойнай ма өз еркі. Спортпен айналысамын деген адамға мүмкіндік көп.
Орталық стадион «Ауыл ел бесігі» бағдарламасы аясында жөнделді. Мамандар ойын алаңы құрылыс талаптарына сай жасақталғанын айтады. Спорт алаңының аумағы абаттандырылып, жарық шамдар орнатылды.
Бағдат Мақашбаев, Аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы:
- Бұрынғы стадионымыз 100 орынға арналса, қазіргі таңда 484 орынға лайықтап салынды. Алаңымыздың өлшемі 65х110. Жасанды газон төселді. Асты дренажды жүйе, жауын жауса да су астына сіңіп кетеді. Төрт жүгіру жолағы қарастырылған. Нысанның ішінде ойыншыларға арналған киім ауыстыру бөлмелері, жуыну бөлмесі қарастырылған.
Созақ ауданда бүгінде 148 спорттық нысан бар. Оның жүзден астамы спорт алаңдар мен ойын алаңшалары. Қазір 6 ауылда жабық футбол алаңдары салынып жатыр. Жалпы Түркістан облысында 4 мыңға жуық спорт нысаны тіркелген. Оның 3056-сы ауылдық жерде орналасса, 765 нысан қалалы жерде тіркелген.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Қуаныш Әбуов