Қ.Тоқаев: Қазақстан үш жыл ішінде цифрлық елге айналуы тиіс

2033 жылға қарай жасанды интеллект нарығы 5 триллион долларға жетеді. Ал әлемдік технология индустриясындағы үлесі 30%-ке дейін ұлғаяды, деп хабарлайды 24kz.

Қазақстан да бұл көштен қалыс қалмауы тиіс. Биылғы Жолдауда Президент жүктеген міндеттің бірі осы. Яғни, үш жыл ішінде цифрлық елге айналуымыз керек. Ол үшін тіпті жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі құрылатын болды. Мемлекет басшысы жаңа технологияның экономика, білім, медицина, мемлекеттік басқару сияқты салаларға оң әсер ететініне сенімді.

ЦИТАТА: Қасым-Жомарт Тоқаев:

- Мен алдымызға өте маңызды стратегиялық мақсат қойдым. Қазақстан үш жыл ішінде міндетті түрде жаппай цифрлық ел болуы керек.Біз жаппай цифрландыру және жасанды интеллект технологиясын барынша енгізу арқылы экономиканы жаңғыртуымыз қажет. Ол үшін ең алдымен, Цифрлық кодексті тезірек қабылдаған жөн. Бұл заңда цифрландыру үдерісінің негізгі бағыттары, соның ішінде жасанды интеллект, платформалық экономика, үлкен дерекқорларды пайдалану және басқа да мәселелер айқындалуға тиіс. Жаңа технологиялық қалыптың ажырамас бөлігіне айналу үшін бүкіл мемлекеттік басқару жүйесін қайта құрып, оның азаматтар мүддесіне сай болуын қамтамасыз ету, сондай-ақ ашықтығы мен тиімділігін еселеп арттыру керек.