Самокаттан келер қауіп сейілмей тұр
Елде электросамокаттан да келер қауіп сейілмей тұр, деп хабарлайды 24kz.
Адам өмірі мен жол қауіпсіздігіне қатер төндіріп тұрған көліктің кесірінен биыл бір адам опат болды. Мәселенің өзектілігін Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында баса айтты. Осыдан екі жыл бұрын қабылданған шектеулерге қарамастан, ережені белден басатындар көп.
Қос дөңгелекті көлік тізгіндеу жауапкершілікті талап етеді. Қауіпсіздік ережесін бұздың ба заң бойынша жауапқа тартыласың. Айталық, самокат тізгіншісі жүргінші жолмен жылдамдықты сағатына 6 шақырымнан асырмауы тиіс. Бірақ желіккен жеткіншектер бұл межені пысқырмай жүр. Көшеде тұрған бұл көлік түрін ақысын төлеген кез келген адам тақымдап кете беретінін ескерсек, қауіптің азаймайтын түрі бар. Мәселен, жыл басынан бері елде электросамокат тізгіндегендердің кесірінен 361 оқыс жағдай тіркеліп, 1 адам опат болған. Осы қос дөңгелекті көлік мәселесін Мемлекет басшысы Жолдауда баса айтқан еді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қоғамда жүргізу мәдениетін қалыптастыруымыз керек. Электросамокат мәселесіне назар аудару қажет. Бұл тақырып қоғамда қызу талқыланып жатыр. Екі жыл бұрын жаяу жүргіншілер жолында қозғалысты шектеуге қатысты заңнамалық өзгерістер енгізілген болатын. Алайда қоғамдық орындардағы жағдай өзгерген жоқ. Азаматтар әлі де қауіпке тап болып отыр.
Діттеген жеріне жеткен соң бұл көлік түрін жұрт қалай болса, солай тастап кетеді. Кесірі жаяу жүргіншіге де, көлік тізгіндегендерге де кесел. Ішкі істер министрлігі бұдан былай самокатты бассыз беріп, байлаусыз қалдыратындарға 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салады.
Егер тәртіп бұзған адам осы әрекетін тағы қайталаса, айыппұл 1,5 есе артады. Яғни, 117 900 теңге төлейді. Ал, самокат тізгіндегендер жол жиегіне шығып автокөліктер қозғалысына кедергі келтірсе 3, ал оны жалға беруші компания 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл арқалайды.
Бауыржан Тоқжұманов, Астана қаласы ПД Әкімшілік полиция басқармасының бөлім бастығы:
- Егер самокат белгіленбеген жерде тұрса не болмаса жүргіншілерге кедергі туғызатын жағдайда электросамокат кімге тиесілі, сол мекемеге айыппұлдар салынады. Ал егер де жаяу жүргіншілерге арналған жолда, мысалы, жүретін жағдай болса, ол жаяу жүргіншіге кедергі туғызбау керек және оның салдарынан жаяу жүргінші өзінің бағытын ауыстыруға тиісті емес.
Жалпы заң бойынша электр сомакатты кәмелетке толғандар ғана тізгіндей алады. Сонымен қатар кез келген санаттағы көлік құралын басқарғандай жүргізуші куәлігі мен арнайы қорғаныш құралдары болуы керек. Ал түнде тиісті жарық түсіретін белгілерді тағу міндет.
Авторлары: Айнұр Қуатқызы, Жарқын Өрден