Түркістанда Орта Азияда теңдесі жоқ «Ескек есу» арнасы ашылды
Түркістанда Орта Азияда теңдесі жоқ «Ескек есу» арнасы ашылды. Жасанды су айдыны академиялық ескек есу, байдарка және каноэ спортына арналған, деп хабарлайды 24kz.
«Ұзындығы 2 шақырым болатын арнаның суын ирригациялық қажеттілік үшін де пайдаланамыз», - дейді мамандар. Елдегі әлемдік стандарттарға сай алғашқы нысанның ашылу салтанатына Халықаралық байдарка және каноэ есу федерациясының президенті Томас Кониеско қатысты.
Жандос Жұмабек, тілші:
- Аумағы 100 гектар жерді алып жатқан «Ескек есу» арнасының жалпы ұзындығы 2 шақырымнан асады. Ені – 260 метр, тереңдігі – 4 метр. Толық автоматтандырылған жүйемен жабдықталған. Кешенде спорттың 6 түрінен 500-ге жуық спортшы тұрақты түрде жаттыға алады.
Мұнда академиялық ескек есу, байдарка мен каноэ спорт түрлерінен халықаралық іс-шаралар, әлем және Азия кубогы деңгейіндегі жарыстарды өткізуге болады. «Жыл он екі ай оқу-жаттығу жиынын өткізуге мүмкіндік бар», - дейді мамандар.
Денис Жәрменов, облыс және шымкент қаласы бойынша ескек есу және желкен спорты қауымдастығының төрағасы:
- Бұл ескек есу арнасы – еліміздегі су спортымен шұғылданатын мыңдаған адамның арманы. Бұрын спортшыларымыз көрші мемлекеттерге барып жаттығатын. Енді барлығы өзімізде бар. Кешен халықаралық стандарттарға толық сәйкес келетіндіктен мұнда Азия және әлем чемпионаттарын осында өткізуге болады. Ендігі біздің мақсатымыз – осы жерден Олимпиада чемпиондарын даярлап шығару. Оған мүмкіндігіміз жетеді.
«Ескек есу» арнасында «Turkestan Cup» академиялық есу спортынан халықаралық жарыс жалауын көтерді. Оған көршілес 6 елден спортшылар қатысып жатыр.
Азар Илясов, Әзербайжан ұлттық командасының мүшесі:
- Қазақстанға алғаш рет келіп отырмын. Бүгінгі жарысқа дайындығымыз өте жақсы. Мұнда су спортынан түрлі жарыстарды өткізуге барлық мүмкіндік жасалған екен.
Эрол Арслан, Түркия ұлттық командасының бас бапкері:
- Түркиядан осы су спортымен шұғылданатын 4 спортшы әкелдік. Бүгін ерлер мен әйелдер командасы сынға түседі. Дайындығымыз өте жақсы. Ескек есу арнасы халықаралық талаптарға сай жасақталғанын көріп қуанып қалдық.
«Ескек есу» арнасының Түркістан үшін маңызы зор. Осы жоба аясында Орталық Азия мемлекеттері арасындағы алғашқы өңірлік хаб құрылады. Ол заманауи спорт пен туризмнің дамуына серпін береді.
Ербол Мырзабосынов, ҚР Туризм және спорт министрі:
- Қазір елімізде осы түрімен 6 мыңнан астам адам айналысады. Ұлттық құрамада 300-ден атсам спортшы бар. Олар ел намысын әлем аренасында лайықты қорғап жүр. Жаңа арна олардың жемістерін көбейтіп, жаңа табыстарға жол ашады деп сенемін.
Қала орталығындағы жасыл белдеуді суаруға арналған ирригациялық жүйені де осы арна қамтамасыз етеді. Жаңа нысанның ашылу рәсіміне арналған концерт, ұлттық тағамдар жәрмеңкесі, су бетіндегі шоу мен отшашуды 20 мыңға жуық адам тамашалады.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш