Қызылорда облысындағы мектептерде «Жол жүру ережесі» пәні енгізілді

Қызылорда облысы Жалағаш ауданындағы мектептерде «Жол жүру ережесі» пәні енгізілді, деп хабарлайды 24kz.

Прокуратураның бастамасымен оқушыларға қауіпсіздік ережелері мен жолда жүру мәдениеті түсіндіріледі. Құқық қорғау органы өкілдерінің айтуынша, бұл пән үшін арнайы уақыт бөлінеді. Яғни, дәстүрлі оқу процесіне кедергі келмейді. Игі бастаманы мұғалімдер де қолдады. Облыста жыл басынан бері жол апатынан 5 бала көз жұмды. Екі жүзден астам адам түрлі жарақат алды.

Әділжан Оразғали, Жалағаш ауданының прокуроры:

- Оқушылардың жол ережесі туралы білімін арттыру мақсатында Жолаушылар прокуратурасының және Полиция бөлімінің ұсынысы негізінде оқушыларға мектептерде жолда жүру сабағын өткізу жөнінде Білім бөлімімен бекітілді. Бұл аталған сабақтың негізгі мақсаты – жасөспірімдермен орын алатын жол-көлік оқиғаларын алдын алу болып табылады. Алдағы уақытта бұл сабағымыз өз нәтижесін беретініне сеніміміз мол.

Ғайникамал Қалдыбай, оқушы:

- Осы жаңа оқу жылының басы біз үшін ерекше басталды. Себебі біздің аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері бізге арнайы сабақ өтті. Ол сабақтың тақырыбы жолда жүру мәдениеті мен қауіпсіздік ережелері. Сабақ барысында ағайлар бізге күнделікті өмірден мысалдар келтіріп, бізді өзімізді қалай қорғау керектігін түсіндірді.