Былтыр елде 80 мың шетелдік науқас ем алды

Қазақстандағы медициналық қызметтің кейбір түріне шетелдіктер тарапынан сұраныс арта бастады. Әсіресе диагностикалық процедура, кардио және нейрохирургия, репродуктивті және оңалту қызметтеріне жиі жүгініп жатыр.

Сандарды сөйлетейік. Медициналық туризм қауымдастығының мәліметі бойынша 2021 жылы елде шамамен мың жарым шетелдік ем алса, бір жылдан соң тағы 5 мың адам келген. Ал былтыр олардың қатары тіптен артып, 80 мыңға дейін жетті. Мамандардың айтуынша, мұндай туристер орташа есеппен кемінде 1,3 млн теңге жұмсайды. Елде медициналық қызметтер несімен ерекше?

Еркебұлан Смадияров, тілші:

- Отандық медицинаның кейбір бағыттары емдеу методикасымен және заманауи құрылғыларымен ерекшеленеді. Мәселен, Орталық Азияда гамманож құрылғысы Астанадағы Ұлттық нейрохирургия орталығында ғана бар. Ал Президенттік іс басқармасы медициналық орталығы мен Шығыс Қазақстан облысындағы мамандандырылған медициналық орталығында роботты хирургия жүйесі қолданылады. Сонымен қатар бірқатар өңірде нейрохирургия және онкология бойынша жаңа емдеу әдістемелері енгізілді. Былтыр Шымкент қаласындағы 2 аурухананың өзінде 35 шетелдікке нейрохирургиялық көмек көрсетілген. Олар –  Өзбекстан, Тәжікстан, Қытай, Моңғолия, Швейцария және Ресей азаматтары.

Абдулахай Қасымов, Тәжікстан азаматы:

- Қан қысымым жиі көтеріліп, маза бермеді. Біздің орталық клиникада ультрадыбыстық зерттеуден өттім. Дәрігерлер тексеру қорытындысына сүйеніп, Қазақстанда операция жасатуға кеңес берді. Телефонмен байланысып, осында келдік. Қазір операциядан кейінгі жағдайым жақсы. Басымның айналғаны қойып, өзімді жақсы сезіне бастадым.

Марат Құлмырзаев, нейрохирургия бөлімшесінің меңгерушісі:

- Инсульттен кейінгі жағдай, миды қоректендіретін тамырлардың аурулары болады. Мальформация, аневризма инсультке әкелетін. Иә, болмаса тамыр бітеле бастайды атеросклероз дейді. Жақсы микроскоп, тәжірибелі маман талап ететін жағдайларда олар таңдау жасап, уже бір-бірінен естиді. Қаншама адам осында ота жасатып, кетіп жатыр. Сәтті өтіп жатыр.

Былтыр Қазақстанға 80 мыңдай шетелдік науқас ем іздеп келсе, солардың 90 пайызы – ТМД елдерінің азаматтары. Медициналық туризмнің дамуына бірінші себеп – жаңа әдістемелер мен құрылғылар болса, екінішісі – баға. Мамандардың айтуынша, күрделі операциялардың өзі Еуропа елдерімен салыстырғанда арзан.

Кристина Кривец, Медициналық туризм қауымдастығының президенті:

- Медициналық туристердің орташа шығыны бір миллион үш жүз мыңнан бір жарым миллион теңге аралығында. Қазақстанға ем алуға келетін шетелдік науқастардың артуына тағы бір себеп - ақпараттық кеңес. Біз шетелдің медициналық агенттіктерін елге шақырып, клиникаларды таныстырдық. Жыл сайын халықаралық көрмелерге қатысып, жаңашылдықтарды көрсеттік. Сондай-ақ білікті дәрігерлеріміз шетелдік науқастарға тегін кеңес беріп қайтты.

Диагностика мен операциялардан бөлек, шипажай үшін келетін шетелдіктердің қарасы аз емес. Әсіресе, пантомен емдеу әдісі сұранысқа ие. Одан кейін тұзды су мен топырақ, иппотерапияға қызығушылық жоғары.

Авторы: Еркебұлан Смадияров