Қосшыда газдандыру жұмыстары жүріп жатыр

Қосшыда газдандыру жұмыстарының бірінші кезеңі аяқталды.

79 көшеге 192 шақырым газ құбыры тартылып, 30 мыңнан астам тұрғын көгілдір отынмен қамтылды. Қазір жергілікті азаматтар құжаттарын рәсімдеп жатыр. Құрылыс жұмыстары былтыр мамыр айында басталды. 2026 жылдың соңына дейін қаланы толықтай көгілдір отынмен қамту жоспарланып отыр. Яғни 400 шақырымнан астам құбыр тартылып, 75 мыңға жуық тұрғын мен 100-ден астам ұйым табиғи газға қол жеткізеді.

Азамат Қапышев, Қосшы қаласының әкімі:

- Екінші кезең құрылысының аяқталуы келесі жылы. Сондай жоспар құрып отырмыз. Ол кезеңге жататын 7500 абонент немесе 30 мыңға жуықа адам бар. Ал үшінші кезең Лесная поляна, Бәйтерек және одан да басқа преспективалы шағын аудандарды қамтиды.

Сондай-ақ Президент «Көк шалғын» біртұтас қоғамдық кеңістігін қалыптастыру жобасымен танысты. Мұнда қаланың ең көрнекті жерлерін үйлесімді сәулетімен және дизайнерлік шешімдерімен ерекшелейтін бірыңғай туристік бағытқа біріктіру көзделген. Жалпы аумағы 7,5 гектарға жуық жер абаттандырылып, жасыл желек отырғызылмақ. Әрі қарай Президент биыл маусым айында пайдалануға берілген жаңа жағалаумен танысты. Содан соң саябақта жергілікті зиялы қауым өкілдерімен әңгімелесті.