«Сарайшық» музей қорығын 23 мыңнан астам турист тамашалады

Құпиясын қойнына бүккен көне қаланың орны көпшілікті қызықтырады. Келешекте бұл аумақта ашық аспан астындағы музей болады. Қазір керуен сарайының қақпасы мен балықшылардың өндіріс орны қалпына келтіріліп жатыр.

Биылғы қазба жұмыстары кезінде табылған мына үйдің орнында көне Сарайшық мәдениетінің  белгілері бар. Мамандар оны «Алтын Орда» дәуіріне тиесілі деп болжап отыр. Археологтар тарихы тағылымға толы ескі қаланың көшелерін анықтап, үйлердің ішкі бөлмелерін аршуға кірісті. Сарайшық бейберекет емес, біріңғай жоспармен салынып, сәулеті келіскен қала. Сондықтан археологгтар мен тарихшылар әркез тың жаңалық ашып, құнды жәдігерлер табуда.

Жүсіп Байғалиев, музейдің аға ғылыми қызметкері:

- Бөлменің көше арқылы кіретін есігі сақталған. Сонымен қатар 2 қазандық сақталып отыр ++Сонымен қатар сол дәуірдегі «Алтын Орда» дәуіріндегі архитектуралық құрылыстарға тән болған, тек Сарайшықта ғана емес, Оңтүстік Қазақстан территориясынан көп кездесетін «кан» жүйесі, «суфасы» және арнайы тандыр пеш сақталып отыр.

Арыстанбек Кенже, тілші:

- Қазбада археологтардың назарын аударған жәдігерлердің бірі-целадон кеселері. Ол Қытайда жасалған деген тұжырым бар. Қарап көрсеңіз, әлі күнге дейін бедерін де жоймаған және жылтырақ түсін де сақтап қалған.

Күні бүгінге дейін көне қаланың 3 мың шаршы метрге жуық аумағы аршылды. Табылған 6 мыңдай тарихи жәдігер өңделуде. Әрі, археологтар биыл үлкен ғимаратқа тап болды. Оның ұзындығы 16, ені 8 метрге жуықтайды.Ғалымдар оны мешіттің орны деп топшылайды. Сондай-ақ ортағасырлық балықшылардың өндіріс орны аршылуда.

Әбілсейіт Мұхтар, «Сарайшық» мемлекеттік музей қорығының директоры:

- Біз 2023-24 жылдың қазба нәтижесінде табылған өндіріс орнын қалыпқа келтіре бастадық. Бұл өндіріс орны балықшылардың өндіріс орны. Ішінде 9 үлкен хумдар бар, өндіріс пештері бар. Олардың барлығы қалыпқа келтіріліп, болашақта туристерге ұсынылады.

Сарайшықтың орнынан табылған бұл ғимараттар біртіндеп қалпына келтіріле бастады. Қазірдің өзінде Керуен Сарайдың қақпасы жаңғыртылды. Келешекте осы жерден ашық аспан астындағы музей ашылады. Ал қазірдің өзінде ортағасырлық мәдениет орнына деген туристердлің қызығушылығы жоғары. Өткен 8 айда Сарайшыққа 23 мыңнан астам адам келіп көне қаланы тамашалады.

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Айбек Байзақов