2050 жылы қарттардың үлесі 22%-ға жетеді
Жапония – Азиядағы қарты көп ел. Мұнда жалпы халықтың 30 пайызы – 65 жастан асқандар. Бұл мемлекетке зейнетақы төлеу, денсаулық сақтау қызметтерімен қамтамасыз ету сияқты көп міндеттеме жүктейді. Қарттар көбейсе, еңбекке қабілетті адам саны азаятыны белгілі. Ал 2100 жылға қарай әлемнің бірқатар елінде халық екі есе азаяды деген болжам тағы бар.
Сара Харпер, Оксфорд халықтық қартаю институтының директоры:
-Халықтың қартаюы тек өмір сүру ұзақтығымен байланысты емес. Қазір көптеген елде әйелдер балалы болуға асықпайды. Келер ғасырдың басында жастарға қарағанда қарт кісілер көбейеді. Сондықтан олардың қоғам мен экономикада атқара алатын рөлін қазірден ойластырған жөн. Бүкіл салаға үлес қоса алатындай институттар мен құрылымдар керек. Қарттар да барлық адамдарға тән әлеуетке ие екенін түсінуіміз қажет.
Қазақ: «Қарты бар үйдің - қазынасы бар» деген. Алайда қазір дамыған елдің өзінде де қарттарға құрмет дұрыс көрсетілмей отыр. CNN арнасының мәліметіне қарағанда, Жапонияда 60-ты алқымдаған қариялардың 20 пайызы жоқшылықтың тауқыметін тартып жүр. Бұдан құтылу үшін зейнеткерлердің кейбірі ұсақ қылмыс жасап, әдейі түрмеге түсетін көрінеді. Өйткені темір тордың арғы жағында тамақ пен жатын орын тегін. Сондай-ақ сырласып, шер тарқататын адамдар да табылады. Жалпы Күншығыс елінде демографиялық өсім кейінгі 9 жылда баяулап келеді. Мұнда кәмелет жасқа толмағандардың үлесі - 11% ғана. Тохоку университетінің есебі бойынша, егер осылай жалғаса берсе, 700 жылдан кейін Жапонияда бір-ақ бала қалуы мүмкін.
Сигеру Исиба, Жапония премьер-министрі:
-Бала туу көрсеткішінің төмендеуі - үкіметтің күн тәртібінен түспейтін өзекті мәселе. Демографиялық ахуалды жақсарту - мемлекет үшін басты міндет. Оны шешудің жолы ретінде қызметкерлерге ыңғайлы жұмыс кестесін енгізу мүмкіндігін қарастырып жатырмыз.
Азияның өзге елдерінде де қарт көп. Қытайда 1 млрд 400 млн халықтың 300 миллионы - 65-тен асқандар. Ал жастары балалы болуға құлықсыз. Мамандар: "Бұл "Бір отбасыға бір бала" саясатының кесірі", - дейді. Көрші жатқан кәріс халқы да қартайып барады. Оңтүстік Кореяда әр әйелге шаққанда бала саны 1-ге де жетпейді. Ал Еуропа Кәрі құрлық деген атауға мәңгі ие болатын түрі бар. Өйткені мұнда 2008 жылдан бері дүниеге келген сәби саны 200 мыңға азайған. Мәселені шешу үшін былтыр Италия үкіметі бала тәрбиесіне деп 1 млрд еуро бөлген еді. Алайда демографтар мұндай шаралар жеткіліксіз дейді. Өйткені еуропалықтардың ұрпақ қамына мүлде бас қатырғысы жоқ.
Авторы: Зайнұр Байжігіт