Елімізде әскерге SMS арқылы шақыру жүйесі іске қосылды

Осы аптадан бастап елде әскерге SMS арқылы шақыру жүйесі іске қосылды, деп хабарлайды 24kz.

Бұдан былай SMS-хабарлама арқылы жеткізілген шақырулар ресми түрде заңды ескерту болып саналады. Мән бермегендер айыппұл арқалайды. Сонымен бірге шақыру туралы ақпарат «Электрондық үкімет» веб-порталындағы жеке кабинетке де жолданады.

Мирлан Алтынбек, тілші:

- Бұрын әскерге шақыру туралы SMS жай құлаққағыс болса, қыркүйек айынан бастап бұл хабарламаға құлақ аспауға болмайды. Кері жағдайда қосымша ескерту беріледі. Оған да бейжайлық танытса, әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекске сәйкес 5 айлық есептік көрсеткіш көлеміне дейін айыппұл салынады. Ал дәрігерлік комиссиядан өтіп, әскерге барудан жалтарса, онда 1 мың АЕК-тен 3 мың АЕК-ке дейін айыппұл төлеуге міндеттеледі.

Ғани Артықов, Астана қаласының Қорғаныс істері департаментінің өкілі:

- Биылғы жаңалықтардың біреуі бұл SMS-хабарламалар арқылы әскерге шақырылушыларды шақыру пунктеріне жинап жатырмыз. Бұл заңнама 16-қыркүйекте күшіне енді. SMS-хабарландыруымыз бұл заңды ресми хабарландырудың түрі болып табылады. Егер азаматтарымыз бұған мән бермеген жағдайда ескерту беріледі. Ескертуге келмесе, айыппұл салу заңмен белгіленеді.

Болашақ сарбаздардың денсаулығына қойылар талап та жоғары. Ел бойынша жылына 800 мыңнан астам жас жігіт әскерге шақырылса, оның ішінде дені сау тек 42 мыңы ғана іріктеледі. Ал азаматтар тек дәрігерлік тексеру кезінде ас қорыту жүйесінің бұзылғаны анықталса, көру қабілеті нашарласа және үшінші дәрежелі майтабан болса, әскерден босатылады.

Дәурен Қайырбек, әскерге шақырылушы:

- Әскерден қашқан балаларға ақыл айтқым келеді. «Отан алдында жау пайда болса, кім қорғайды деген сұрақ туады. Сондықтан әскерден қашып жүрген балаларға мен ырза емеспін. Әскер қызметі тек 1 жыл ғой. Сол 1 жылда Отан алдындағы борышын өтесе, не деген керемет ол?! Не деген құрмет ол Отан алдында?!

Биыл жыл басында ішкі көші-қон кезінде азаматтарды әскери есепке автоматты түрде тіркеу тетігі енгізілгені есімізде. Қазірдің өзінде осынау мүмкіндікті 250 мыңға жуық адам пайдаланған. Бұл деректер «Электрондық үкімет» порталы арқылы тіркеледі. Жүйе арқылы әскерге шақыруды кейінге қалдыру немесе босату туралы мемлекеттік қызмет көрсетіледі.

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Самат Қазанбаев