Қарағанды облысында шағын экономикалық аймақ құрылады

Қарағанды облысының Балқаш қаласында шағын экономикалық аймақ құрылады. Бұл- шаҺардың экономикасын әртараптандырып, халықтың әлеуметтік жағдайын арттыруға бағытталған маңызды жоба. Бүгінгі таңда 160 гектар жер телімі бөлінген.

Жергілікті билік бұл аумаққа әлеуетті инвесторларды тарту үшін келіссөздер жүргізіп жатыр. Кәсіпкерлерге жан-жақты қолдау көрсетілетін болады. 

Қазір шағын экономикалық аймақтың инженерлік инфрақұрылымы жобаланып жатыр. Мұнда мемлекеттік қолдау ретінде су, кәріз, жылу және электр желілері тегін тартылады. Учаскеге апаратын 5 шақырым жол да асфальтталған. Инвесторларға инфрақұрылым мәселесіне алаңдаудың қажеті жоқ.

Қуатбек Жасұлан, Балқаш қаласы Кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

- Әлеуетті инвесторларға шамамен 160 гектар жер бар. Бұл жердің қолайлысы мұнда ЖЭО бар. Көл және ауыз су құбыры жақын. Бұған қоса Балқаш мыс қорыту зауыты жақын жерде орналасқан. Онымен қоса алғанда «Қарағанды-Алматы» автобаны бар.

Бүгінгі таңда шағын экономикалық аймақта үш инвестор өз жобасын іске асыруға ниет білдірді. Олар: құс фабрикасы, мыс өңдейтін зауыт және туристерге арналған дайын тамақ шығаратын кәсіпорын. Туризм - қалаға инвестиция тартудағы басым бағыттардың бірі. Балқашта соңғы жылдары демалыс орындары, қонақ үйлер көп салынып жатыр. Бұл Көкше көл жағалауындағы қаланы туристер мен инвесторлар үшін тартымды ете түсуде.

Сапар Сатаев, Балқаш қаласының әкімі:

- Туризм бағытында қонақ үйлерді, демалыс орындарын салатын аймақта жер телімдері дайын. Қаланың маңайында 8 жер телімін дайындап отырмыз. Ол шамамен 47 гектар жер бөлініп тұр. Сонымен қатар Шұбартүбек, Тораңғылықта қосымша 60 гектар жер қарастырылып жатыр.

Соңғы екі жылда Балқашта 9 демалыс орны салынды. Оған әлеуетті кәсіпкерлер 3 млрд теңгеден астам инвестиция құйды. Сондай-ақ, жергілікті билік мыс қорыту зауытының маңындағы бос жерлерде металл өңдеу, логистика және энергетика салаларына қатысты жаңа кәсіпорындар ашу үшін инвесторлар іздеуде. Негізгі мақсат - өндірістің шикізаттық емес бағытын дамыту, жаңа жұмыс орындарын құру. Жалпы Қарағанды облысында биыл сегіз айда 644 млрд теңге инвестиция тартылды. Бұл былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда 11%-ға көп.

Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Сайран Ақамбаев, Аман Хамит