Егін жинау науқаны: рекорд тіркелуге жақын
Елде егін жинау науқаны бойынша рекордты түсім болады деген үміт бар. Бұл туралы Үкімет үйінде есеп берген Ауыл шаруашылығы министрі мәлімдеді. Айдарбек Сапаровтың айтуынша, бұндай болжамға қазіргі егін жинау науқанының былтырғыдан да қарқынды жүріп жатқаны себеп.
Күз айлары – ала жаздай еңбек еткен диқандар үшін маңызды кезең. Жер емген жұрттың басты мақсаты – еккен егіндерін, шашпай-төкпей, ысырапсыз жинап алу. Қазір елде бұл жұмыстардың қызған шағы. Ал оңтүстік өңірлерде аяқталуға жақын. Десе де алдағы күндер кей өңірлер үшін оңайға соқпайтын сыңайлы. Себебі синоптиктер Солтүстік, Қостанай, Ақмола облыстарында бір апта бойы жаңбыр жауады деп жорамал жасады. Ал қазан айында ауа-райы тіптен күрделніп, жауын-шашын 1 айға жалғасады деген болжам бар.
Нұркен Шәрбиев, ҚР Экология және табиғи ресурстар вице-министрі:
- Еліміздің батыс, солтүстік, шығыс және оңтүстік-шығыстағы таулы өңірлерінде бір ай бойы жиі жауын-шашын түсуі ықтимал. Айтылған болжамдарды ескере отырып, астық жинауға қолайлы кезеңдерді тиімді пайдалану қажет деп есептейміз
Ал Ауыл шаруашылығы министрінің мәліметіне сенсек, егін науқанының көрсеткіші көңіл көншітеді. 10 млн гектардан 15 млн тонна астық бастырылыпты. Әдеттегідей егін жинау нақанында шаруалар қолдаусыз қалмаған. Биыл бұл жұмыстар үшін бюджеттен 700 млрд теңге жұмсалды. Яғни бұл диқандарға қажетті техникалар мен жанар-жағармайын, керек-жарағын алу үшін көрсетілетін көмек.
Айдарбек Сапаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:
- Егін жинау кезеңінде жауын-шашынға байланысты астықты кептіруге 39,9 мың тонна дизель отыны бөлінді. Сондай-ақ элеваторлар үшін 16,4 мың тонна көлемінде сұйытылған газға қажеттілік анықталды.
Үкімет үйінде азық-түлік бағасы жайлы да айтылды. Бектеновке бұл жөнінде Сауда және интеграция министрі есеп берді. Сөзінше, соңғы екі айда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасы тұрақты болған. Қымбаттаған тауарларлың қатарында көкөніс пен сүт өнімдері бар. Ал сиыр етімен қамтамасыз ету бойынша фермерлермен келіссөз жүріп, сауда желілеріне жеткізіліп жатыр.