Елдегі ең арзан ет Түркістан облысында
Елдегі ең арзан ет Түркістан облысында. Мұндағы базарларда сиыр еті 2600-бен 2900 теңге аралығында саудаланып жатыр, деп хабарлайды 24kz.
Басқа өңірлермен салыстырғанда айтарлықтай арзан. Бұның себебін облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасының мамандары ет өндіршілермен тікелей келісімге келгендерімен байланыстырады. Шаруаларға 001%-пен жеңілдетілген несие беріп, қаржылай қолдау көрсетеді. Есесіне, ет өндірушілер базардағы сауда сөрелеріне өнімнің сапасына қарай 2300-2400 теңге аралығында өткізетінін айтады. Ал сатушылар оның үстіне үстемақысын қосып, етті нарықтағы бағадан төмен саудалайды. Сауда желілеріндегі бағаны арнайы құрылған жұмыс тобы бақылап отырады. Қазір өңірде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасы да қатаң бақылауда. Соңғы 1 айдың ішінде бағаны себепсіз өсірген 59 сауда орындарына қатысты әкімшілік шара қабылданып, айыппұл салынған.
Самат Көшкінбай, облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасы басшысының орынбасары:
- «Біз өзіміздің етімізді сатамыз», дейтін сатушылар бар. Бірақ қасындағы саудагерлер 2600-ден сатып отырса, ол 3000-3500-ден сата алмайды. Тұтынушылар арзан етті алады. Сапасында айырмашылық жоқ. Сойыс алаңынан осында алып келеді, біз соны несиелеу арқылы арзандатылған бағамен саудагерлерге ұсынамыз. Бұл өңірлермен салыстырып қарайтын болсақ, бізде ең төменгі баға деп есептейміз.
Лаура Жанасбаева, ТҮРКІСТАН ӘКК Азық-түлік тұрақтандыру қоры департаментінің директоры:
- Тұрақтандыру қорында қазір 12 мың тоннаның үстінде әлеуметтік тауарлардың қоры бар. Қазір бөлке нан 70 теңге, жұмыртқаның данасы 40 теңге, картоп 130 теңге, сәбіз 110 теңге, қырыққабат 65 теңгеден және тағы басқа әлеуметтік маңызы бар өнімдер төмен бағада саулануда. Бұл нарықтан 50%-ке дейін төмен бағаны көрсетіп отыр.