Қызылордада болашақ мамандар VR зертханада тәжірибе жинап жүр
Қызылордада жұмысшы мамандар виртуалды зертханаларда тәжірибеден өтіп жатыр, деп хабарлайды 24kz.
Заманауи цифрлы құрылғылар арқылы ветеринария, газбен қамтамасыз ету, геологиялық барлау, дәнекерлеушілер даярланады. Сонымен қатар ұстаздар оқу бағдарламасына жасанды интеллект негіздерін де енгізген.
Әрсен Болат ветеринар мамандығы бойынша 3-курста оқиды. Ол виртуалды құрылғының көмегімен ауруға шалдыққан жылқының диагнозын анықтап жатыр. «Заманауи үлгідегі зертхананың көмегімен төрт түлікке қатысты түрлі кесел мен оларды емдеу жолдарын терең меңгеруге болады», - дейді.
Әрсен Болат, студент:
- Жылқының ауруын зерттейміз. Осы кезде ағай температурасы зерттеп жатыр. Сақтану жүйелерін үйретеді. Малға қалай жақындау керектігін, қай жақпен бару керектігін, дезинфекция болады, бізге бүкілін үйретеді ғой.
Виртуалды зертханада ветеринариядан бөлек, газбен қамтамасыз ету, геологиялық барлау, дәнекерлеу секілді бес мамандық бойынша тәжірибелік сабақтар өтеді. Сонымен қатар ұстаздар оқу бағдарламасына жасанды интеллект негіздерін енгізген.
Гүлшат Пірмағанбетова, робототехника пәнінің оқытушысы:
- Белгілі бір құрал, мысалы, автомобильдың құрылғысы болсын, болмаса, агрономияға қатысты белгілі бір тақырыпты тереңдетіп, жан-жағынан көрсетеді. Бұл балалардың шығармашылық, практикалық дағдыларын дамытуға көмектеседі.
«Жасанды интеллектіні кеңінен пайдалану үшін колледждің материалдық техникалық базасы тағы толықтырылады», - дейді мамандар. Биыл студенттердің IT идеяларын жүзеге асыратын арнайы технологиялармен жабдықталған алаң ашу жоспарланған. Ол үшін бірқатар IT компаниялармен келіссөз жүріп жатыр.
Бекзат Сүлеймен, колледж директорының орынбасары:
- Тағы да екі робототехника кабинетін жоспарға енгізіп қойдық. Биылғы оқу жылының басында 20 оқытушымыз жасанды интеллект бойынша курстан өтсе, осы жылдың аяғына дейін біз тағы да 40 оқытушыны жасанды интеллект курстарынан өткізуді жоспарлап отырмыз.
Өңірдегі 19 колледжде 45 мамандық бойынша жұмысшы кадрлар даярланады. Қазір 5 мыңнан астам түлек осы оқу орындарын таңдаған.
Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин