Биыл Ақтөбеде картоп түсімі мол жиналды

Ақтөбе облысында шаруалар әр гектардан 185 центнерге дейін картоп жинап жатыр. Өңірде күзгі жиын-терім науқаны қызу.

Жауын-шашынды күндер басталғанша, өнімді ысырапсыз жинап алу керек. Жалпы биылғы жоспар бойынша, бау-бақша алқаптарынан 60 мың тонна картоп пен 36 мың тонна көкөніс жиналады.

Батырбек Шәулен биыл  25 гектарға   картоп пен көкөніс еккен.   Қарбыз,  қауын мен   қиярды тамыздан бері жинап алған.     Кезек пияз бен картоп алқаптарына жетті. Шаруа қожалығының басшысы ала жаздай төккен тер ақталды дейді.

Батырбек Шәулен, шаруа қожалығының басшысы:

- Биылғы жылы ауа райының жақсы болуына байланысты да көкөністің түсімдері жақсы болды. Біз осы уақыттарда бұйырғанын жинап үлгердік. Әлі бар. 10 күн шамамен. Енді үлгереміз.

Жалпы биыл өңірде  3 мың 200 гектар жерге картоп егілді. Ал, көкөніс алқаптарының аумағы 2 мың 800 гектар. Шаруалар 185 центнерден картоп, 170 центнер көкөніс алып жатыр. Былтырмен салыстырғанда өнім көлемі 9-10 мың тоннаға артық.

Нұрбек Райымбаев, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:

- Картоптан бүгінгі күнге облыс өзін 65-70 пайызға қамтамассыз етіп отыр. Қалған бөлігі мына өңіраралық байланыс есебінен. Оңтүстік өңірлерден жеткізу есебінен қамтамассыз етіп отыр. Көкөніс дақылдары бойынша да 45-50 пайызға қамтамассыз етілген. Қалған өнім мына сырт облыстардан жеткізу есебінен қамтамассыз етіледі.

Шаруаларды қолдауға биыл жергілікті бюджеттен 1 млрд 800 млн теңге бөлінді. Бұл қаражат тұқым мен пестицидтер құнын арзандатуға, минералды тыңайтқыштарды сатып алуға субсидия ретінде беріледі. Қаржылай қолдауға өңірдегі 120-дан астам шаруа қожалығы қол жеткізе алады.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Болатбек Молдағалиев, Айнадин Молдабеков