Шыңырауда шыңдалған кенші

Табандылықты талап ететін кенші мамандығын қайсар жандар таңдайды. 

Жеті қат жер астында еңбек ету үшін батыл жүрек керек. Жезқазғандық кенші Қуанышбек Ыбырахым қиын да, қауіпті жұмысты абыройлы атқарып келеді. Небәрі 20 жасында ауыр еңбекке араласып, шыңырауда шыңдалған ол қазір өңірдегі үздік бригадалардың біріне басшылық етеді.

Елдос Кәкенов, тілші:

- Бұрғылау қондырғысы жерасты шахтасындағы ең негізгі техниканың бірі. Айлық жоспардың орындалуы, еңбек өнімділігі тікелей осы техниканың жүріп тұруына байланысты. Сондықтан ол жауапты мамандарға ғана тапсырылады. Біздің кейіпкер Қуаныш Ыбырахым 20 жылдан бері осы көлікті тізгіндеп келеді.

Табысты болу үшін техниканың тілін білу жеткіліксіз, ұжымдағы ауызбіршілік пен сыйластық маңызды дейді Қуанышбек. Бұл ретте оның жолы болды. Алғашқы күннен үздік бригадир Әлиасқар Айманов, Қазақстанның Еңбек Ері Тұрсынбек Мәкишев секілді еңбек озаттарынан тәлім алды.

Қуанышбек Ыбырахым, кенші:

- Жиырма жыл болды ғой, осы проходчик болып осының ыстығына да, суығына да көніп. Енді жағдайымыз жаман емес. Осы жұмыстың арқасында, осы шахтаның арқасында бүкіл жағдайымыз жасалып жатыр. еңбек еткен адам жаман болмайды ғой.

Аға буынның кәсібін абыроймен жалғаған Қуанышбек бүгінде үңгушілер бригадасын басқарады. Кен өндіру ісін әбден меңгерген маман ұжымда да беделді. Өндірістің өз қазынында қайнаған кәсіби кеншіні әріптестері мақтан тұтады. 

Тұрсынбек Макишев кенші, Қазақстанның Еңбек Ері:

- Қуанышбек проходчиктердің арасында үздік. Көп әңгіме жоқ. Көп сөйлемейді. Бір тапсырма берсең «істеймін ғой» дейді. Қалай істейді онда жұмысым жоқ. Ауысымнан соң шыққаннан кейін хабарласамыз ғой. Не болды десем,  болды Тұрсеке айтқаныңыз бәрі орындалды дейді. Сондай жігіт! Салмақты, сабырлы.

Қуанышбек басқаратын бригада жер астын үңгіп, өндіріске жол салады. Айына кемінде 150 метр жүріп өту керек.  «Дегенмен, айлық жоспарды асыра орындаймыз деп қауіпсіздікті естен шығармау керек»,- дейді.

Қуанышбек Ыбырахым, кенші:

- Басты мақсатымыз қауіпсіздік қой. Қауіпсіз жұмыс істеп аман-есен үйге жеткен жақсы. Осылай бәленбай жыл шахтада жұмыс істеп, еңбектің жемісін көріп аман есен пенсияға шыққан жақсы. осылай қауіпсіз жұмыс істеп төбеміз мықты болсын шахтаның астында жүрген соң. 

Жеті жүз метр тереңдіктегі шахтада еңбек көрігін қыздырып, шыңырауда шыңдалған жігіттердің еңбегі ерен. Қуанышбек бастаған кеншілер «Еңбек күнін» биыл да лайықты қарсы алып отыр. 

Елдос Кәкенов, Нұрбол Үздікбаев, Гүлшаһира Серекбаева