Алматы облысында Нью-Йорк кино академиясы ашылды

Алматы облысында Орталық Азиядағы алғашқы Нью-Йорк киноөнері академиясының кампусы ашылды.

Бұл – АҚШ-тан тыс жерлерде ашылған үшінші кампус және Қазақстандағы әлемдік деңгейдегі алғашқы шығармашылық университет. Дүйсенбіден бастап АҚШ-тың тәжірибелі мамандары алғашқы буынды оқытуды бастайды. Енді қазақстандық студенттер мұхит аспай-ақ америкалық білім беру бағдарламалары бойынша білім ала алады.

Нью-Йорк киноөнері академиясының кампусы Каскелендегі Креативті индустриялар паркінің аумағында ашылды. Толыққанды павильондар, студиялар, монтаж бөлмелері бар. Нью-Йорк киноөнері академиясының біздің еліміздегі филиалы аумағы жағынан ең ірілердің бірі саналады. Оқу бағдарламасы Нью-Йорк пен Лос-Анджелестегі біліммен бірдей, ал түлектер солармен тең дәрежедегі диплом алады.

Майкл Янг, New York Film Academy президенті және бас директоры:

- Қазақстанда креативті индустрияны, білімді, технологияны және таланттарды дамытуға барлық жағдай жасалған. Алматыдағы Нью-Йорк киноөнері академиясы кампусы кино мен медиа саласындағы студенттер мен мамандарды біріктіретін жаһандық желінің бір бөлігіне айналды. Академия түлектері Нью-Йорк киноөнері академиясының дипломы мойындалған халықаралық қауымдастықтың мүшесі болуға, әлемнің кез келген жерінде жұмыс істеуге мүмкіндігі бар. 

Жаңа кампуста дүйсенбіден бастап 60 жас кинематографист оқуын бастайды, олардың ішінде 11 студент толық грант, 21 студент жартылай грант иегері. Гранттық бағдарламаға 120-дан астам өтінім түскен, ал студенттердің қатарында төрт шетелдік бар.

Саясат Нұрбек, Ғылым және жоғары білім министрі:

- Қазіргі таңда 7 томдық қазақ тарихының еңбегін жазып жатырмыз. Ғалымдарымыз, тарихшыларымыз, археологтарымыз жаңадан ашылған деректерге таңғалып жатыр. Сондықтан Қазақстан үлкен контент жасайтын, жаңа хикаялар, жаңа аңыздар, жаңа деректі фильм жасайтын әлеуеті бар.

Мұнда режиссер, актер, сценарист, дизайнер және визуалды эффект мамандары дайындалады. Білім беру бағдарламасы тәжірибелік курс ретінде түзілген: идеядан бастап сценарий жазу, түсірілім, монтаж және көрсетілімге дейінгі барлық кезеңдерді қамтиды. Бағдарламаға қысқаметражды жобалар, режиссерлермен шеберлік сағаттары және жеке менторлық қолдау кіреді. Түлектің дипломдық фильмі оның портфолиосына дайын жұмыс ретінде еніп, түрлі фестивальдерге қатысуға мүмкіндік береді.

Дидар Кабенов, New York Film Academy Kazakhstan студенті:

- Біріншіден, Нью-Йорк киноөнері академиясында халықаралық мамандардан, тіпті Голливудта жұмыс істейтін кәсіби мамандардан тәжірибе алғым келеді. Бұл өте маңызды деп есептеймін. Барлық студенттердің басты миссиясы мен міндеті – қазақ киноөнерін, отандық кинематографияны жаңа деңгейге көтеру, оны жетілдіру.

Оқу аяқталғаннан кейін түлектер америкалық университеттің дипломын алып, білімін Нью-Йорк немесе Лос-Анджелес қалаларында жалғастыру мүмкіндігіне ие болады.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Валентин Лобанов