Жезқазғанда шахта мен зауыттарда еңбек ететін қыз-келіншектер көп

Жезқазған – өндіріс пен жұмысшылардың қалаcы. Мұнда әрбір отбасының кемінде бір мүшесі зауыт, шахта немесе цехта маңдай терін төгіп жүр, деп хабарлайды 24kz.

Ерлермен қатар ауыр жұмыстың бел ортасында жүрген қыз-келіншектер де баршылық.

Солардың бірі – конвейер машинисі Мәдина Бектасова. Мәдина бала кезінен өндірістің ортасында өсті. Әулетінің бірнеше буыны шахта мен зауытта еңбек еткен. Әкесі тау-кен саласында ұзақ жылдар жұмыс істеп, отбасына адал еңбекпен ризық-несібесін тауып берді. Мәдина да сол әке жолын таңдаған.

Елдос Кәкенов, тілші:

- Шахтадан шыққан кен байытылмас бұрын ұсақтау, кейін ұнтақтау процесінен өтеді. Осы аралықта тау бой үйілген кенді тасымалдайтын таспалы конвейердің жұмысын үйлестіру – Мәдинаның міндеті. Айлық жоспарды асыра орындау үшін бір ауысымда кемінде 15 мың тонна кен қабылдау қажет.

Мәдина Бектасова, Жезқазған байыту фабрикасының конвейер машинисі:

- Құрал-жабдықтарға, конверейрлердің тоқтаусыз жұмыс істеуіне, лентаға жауап береміз. Кейбір жағдайда лентаның жыртылу сәттері кездеседі. Сол сәттерді болдырмас үшін алдын ала қарап отырамыз. Адамға байланысты ғой, шыдамдылық, төзімділік керек. Әр істе сабырлық керек. Бізде келіп, шыдамай кетіп жатқан жастар да бар. 

Конвейер корпусындағы жұмыс бір сәт те дамылдамайды. Олардың мінсіз жұмыс істеуі үшін мұқият бақылау қажет. Ерекше қырағылықтан бөлек, ауыр жұмысты да еңсеретін қайрат керек. Өйткені мұндағы автоматты түрде жұмыс істейтін қондырғылар жиі бұзылады.

Мәдина Бектасова, Жезқазған байыту фабрикасының конвейер машинисі:

- Лента кетіп қалады. Сол кезде руда осы шитокқа түседі. Соны өзіміз қолмен, күрекпен жинаймыз осылай. Шаршаймыз енді. Бір ұйықтап тұрғаннан кейін бәрі ұмытылады.

Ұсақтау цехындағы еңбеккерлердің тең жарымы Мәдина секілді нәзік жандар. Мұндағы жұмыс ерлердікі немесе әйелдікі деп бөлінбейді.

Асылбек Сүйіндіков, Жезқазған байыту фабрикасының конвейер машинисі:

- Мәдинамен бірге жұмыс істейміз ғой. Мен одан ауысымды қабылдаймын. Әйел деген қырық жанды дейді ғой. Еркектермен иық тіресіп бірге жұмыс істеп жүр ғой. Бала-шағаның қамы дегендей. Оңайлықпен ештеңе келмейді.

Өндірістегі жұмыстың қаупі мен қиындығы белгілі. Десе де, біздің кейіпкер ата жолын жалғады. Мәдинаның әкесі Шауқар Бектасов 30 жылдан астам уақыт мыс қорытқан металлург. Бауырлары да осы кен байыту фарбикасында еңбек етеді.

Авторлары: Елдос Кәкенов, Нұрбол Үздікбаев