Еріктілер Алматы-Қызылорда тас жолының бойын қоқыстан тазартады
Алматы облысында «Таза Қазақстан» road-эстафетасы басталды. Оған қатысушылар Алматы, Шымкент, Жамбыл, Түркістан, Қызылорда облыстарының аумағындағы мыңдаған шақырым жол жиегін қоқыстан тазартып, жергілікті тұрғындармен кездесулер өткізеді.
Аталған бастама экологиялық мәдениетті қалыптастыру, азаматтардың қоршаған орта алдындағы жауапкершілігін арттыру мақсатын көздейді.
«Таза Қазақстан» road-эстафеты Алматы облысындағы Жамбыл ауданынан бастау алды. Волонтерлар бір апта бойы Алматы – Қызылорда тас жолының бойын қоқыстан тазартады. Бұл жұмыстар аэробақылау арқылы жүзеге асады. Жол бойынан жиналған тұрмыстық қатты қалдықтар қайта өңдеу мақсатында қоқыс полигондарына жөнелтіледі.
Ақерке Ескендірова, «AMANAT» партиясының «Жастар рухы» жастар қанатының төрайымы:
- Алдыңғы жылы Астана қаласынан Алматы облысына дейінгі 1200 шақырым жолды тазартқан болатынбыз. Сонымен қатар эстафетаның ерекшелігі – бұл жерде тек қана қоқысты жинамай, Президент үнемі айтатын экологиялық мәдениетті қалыптастыру, жалпы жастарға, азаматтарға экологиялық мәдениеттің маңыздылығын түсіру аясында біз аудандарға кіріп, тұрғындармен жұмыс өткіземіз.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, эстафета барысында түрлі кездесулер мен «Чемпиондық рух» жаттығуы және қоғамдық қабылдаулар өтеді. «Вандализмге жол жоқ!» акциясы аясында «Тұлғалар тұғыры» мемориалдық кешені мен «Ақыртас» монументінің және ежелгі Сауран қалашығының айналасы абаттандырылады.
Шыңғыс Бекбосынұлы, ерікті:
- Алматы облысынан бастап Жамбыл олысының шекарасына дейін тазалап келеміз. Бүгінгі «Таза Қазақстан» акциясы керемет өтуде деп ойлаймын және біздің жолдарымыз да тазарып қалды. Сондықтан жолға, табиғатқа қоқыс тастамай жүрейік.
Алматы облысынан бастау алған экологиялық эстафетаны Жамбыл облысының жастары қабылдап алды. Еріктілер Қордай ауданындағы Кенен ауылынан Меркеге дейінгі аралықты қоқыстан тазартады. Жастар кешкісін «Қайрат» пен «Реал Мадрид» командаларының арасындағы ойынды онлайн режимде тамашалап, отандық футболшыларға жанкүйер болуды жоспарлап отыр.
Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Аят Дүйсенбаев, Аманжол Жөңкешов