Бурабайда сайлау жүйесіне цифрлық технологиялар енгізу мәселесі талқыланды
Сайлау жүйесіне цифрлық технологияларды көптеп енгізу керек. Бұл саяси науқанның ашық әрі әділ өтуіне мүмкіндік береді. Бурабайда бас қосқан әлемдік сайлау комиссияларының өкілдері осындай бастама көтерді, деп хабарлайды 24kz.
Алқалы жиында сайлау процесінің тиімділігі мен халықтың саяси науқанға деген мәдениетін арттыру жөнінде бірқатар мәселе талқыланды.
ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің консультативтік кеңесі осымен алтыншы рет өтті. Соңғы жиында төрағалық ету құқығы Қазақстандағы Орталық сайлау комиссиясына берілген. Тараптар сайлау науқанын ұйымдастыру тәжірибесін талқылап, саяси науқанның ашықтығын қамтамасыз етуде жаңа технологияларды енгізу жолдарын қарастырды.
Зайниддин Низамходжаев, Өзбекстан Орталық сайлау комиссиясының төрағасы:
- Сайлау жүйесіне цифрлық технологияларды енгізу өте өзекті. Бұл – заман талабы. Біз осы жаңа үрдіс арқылы халыққа жағдай жасай аламыз. Мысалы, кейбіреулер қашықтан дауыс беру мүмкіндігіне ие болады. Ал кейбірі шетелде жүріп, елдегі саяси науқанға қатыса алады. Бұл біз үшін де, халық үшін де өте қолайлы.
Сайлаушылардың мәдениетін қалыптастырып, жастардың белсенділігін арттыру маңызды. Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров осылай деді.
Нұрлан Әбдіров, ҚР орталық сайлау комиссиясының төрағасы:
- Сайлауға деген қатысу мәдениетін біз қалыптастырмасақ, кімде болсын қалыптастырмаса, ертеңгі күні ол сайлауға қатыспай кетуге жол ашады. Сайлауға сенбеуге жол ашады. Ал, ол үлкен қауіп. Себебі, әр мемлекет өзінің Парламентін, Президентін, әкімдерін, депутаттарын сайлаған кезде оларға сайлаған халық сеніммен қарамаса, онда саяси институттар жұмысын істей алмайды.
Алқалы жиынға қатысқан тараптар әрі қарай да байланыс көкжиегін кеңейтуді көздейді. Жалпы ауқымды шара екі күнге жоспарланған. Екінші қатысушылар жас сайлаушылармен кездесіп, еркін форматта кездесу өткізеді.
Авторлары: Абзал Азаматұлы, Виктор Полянный