Алматыда мыңдаған оқушы «Ұстазға мың алғыс!» атты флешмоб өткізді
Ұстаз еңбегін ұлықтау – ұрпаққа өнеге. Алматыда мыңдаған оқушы мұғалімдер күніне орай ерекше флешмоб өткізді, деп хабарлайды 24kz.
Олар алаңға сап түзеп, «Ұстазға мың алғыс» деген жазу құрады. Тағы 2 мыңнан аса шәкірт қолдарына жүрек бейнеленген қағаз көтеріп, ұстаздарына алғысын осылайша жеткізді.
Бұл флешмоб бір күнде жасала салған жоқ. Әр оқушының орны алдын ала есептеліп, бірнеше күн бойы жаттығулар жүрді. Жанында тұрғанда балалар жай ғана сап түзеп тұрған секілді. Ал жоғарыдан қарағанда алаң ортасында алып жазу айқын оқылады. «Ұстазға мың алғыс!». Шәкірттердің жүрек жарды тілегі осындай.
Ақнұр Нұралиева, Медеу аудандық білім бөлімінің басшысы:
- Бүгінгі іс-шараны ұйымдастырудың мақсаты – әрқашанда біз ұстаздарымыздың еңбегін бағалап, орындарының төрде екенін көрсету. Сондай-ақ оларға деген сыйластығымызды жеткізгіміз келеді.
№105 мектеп-лицейінің оқушылары да ұстаздарына ерекше сый жасады. Әрқайсысы қолына жүрек бейнелі қағаз ұстап, алаңда бір мезетте көтергенде тұтас алаңды алқызыл түске бөлегендей әсер қалдырды. Мұндай үйлесімділікке мұғалімдер де қолдау білдіріп, әр баланың өз орнын тауып, бір ырғақпен қимылдауына бағыт берді.
Медина Шәкірбекова, оқушы:
- Бүгін ұстаздар күніне орай осындай флешмоб ұйымдастырып, бізді білімге баулып жүрген мұғалімдерге ерекше сый жасағымыз келді. Әрине, ұстаздарымыз да қолдау білдірді. Бірнеше күн дайындалдық, бүгін соның нәтижесін көрсеттік. Ұстаздарымызға ұнады деген сенімдеміз.
Ардагер ұстаздар да мерекелік шараның қадірлі қонағы болды. Солардың бірі 45 жылын бала тәрбиесіне арнаған Рахима Бөлебайқызы. Ол бүгінде жас мамандарға бағыт беріп, ұстаздықтың мәні мен мәртебесін үлгі етіп келеді.
Рахима Сәкенова, ардагер ұстаз:
- Біз сияқты ардагер ұстаздар жас ұстаздарға үнемі көшбасшы болады. Қай жағынан болсын ұстаз оның жүріс-тұрысы мәдениеті, оның іскерлігі, шеберлігі, мұғалімдік қызметті ардақ тұтуы осының бәрі жас ұстаздарға үлгі.
Шәкірт сыйлаған құшақ-құшақ гүл ұстаздардың жылдар бойғы еңбегіне берілген алғыс сынды. Ән айтылып, жыр арналып, жүрекжарды тілектер жолданған бүгінгі мереке ұстаз бен шәкірт арасындағы ыстық байланысты тағы бір мәрте айшықтады.
Авторлары: Алуа Ералықызы, Сержан Жұмабаев