СҚО-да 4,4 млн тонна астық жиналды
Солтүстік Қазақстан облысында 4,4 млн тонна егін жиналды. Өңірдегі кейбір шаруалар бидайды толық аяқтап, майлы дақылдарға орақ салды.
Күзгі дала жұмыстарына 7 мың комбайн жұмылдырылған. Биылғы астықтың сапасы қандай?
Қазір диқандар қырдағы егінді қырманға, одан соң астық қабылдау орындарына жеткізіп жатыр. Солтүстік Қазақстан облысында 45 элеватор бар. Биыл оларға бидайды кептіріп сақтауға мемлекет тарапынан 14 мың тонна дизельдік отын бөлінді.
Марат Жұмабаев, элеватордың бидай кептіруші маманы:
- Бидайдың ылғалдылығы орташа есеппен алғанда 15-17 пайызға тең. Оған ауа-райының қолайсыздығы әсер етті. Биыл жаңбыр көп жауды. Сондықтан жүк көліктерін күні-түні қабылдап, егінді кептіріп жатырмыз.
Ауыл шаруашылығы басқармасы қызметкерлерінің айтуынша, қазір облыс бойынша дәнді және бұршақ дақылдарының 78 пайыз алқабы орылды. Диқандар орташа есеппен гектарынан 18,5 центнер өнім алып жатыр. Өңірде 7 млн тонна егін сақтайтын орын бар.
Асхат Рамазанов, Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:
- Қазір облыстағы элеваторлар 45 пайызға толды. Соңғы мәліметке қарағанда, биылғы бидайдан 1,2 млн тонна өнім қабылданды. Оның 23 пайызы үшінші класқа жатады.
Биыл орақ науқанына 7 мың комбайн жұмылдырылған. Диқандар қауымына күзгі дала жұмыстарын жүргізуге Үкіметтен 68 мың тонна жанар-жағармай бөлінді. «Ендігі міндет – ырыс дәнін қар түспей жинап алу», - дейді шаруалар.
Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков