Елордалық мұғалім рекорд орнатты

Ұстаздар күнінде елордалық мұғалім рекорд орнатты. 55 жастағы Айгүл Ержанова жалпы салмағы 8 тонна болатын екі темір тұлпарды 40 метрден аса қашықтыққа сүйреп өтті.

Осылайша, экстрималды спорт түрінен өз қатарластары арасында алғаш болып әлемдік көрсеткішті жаңартты. Айгүл Ержанова астанадағы №50 мектепте бастауыш сыныпта сабақ береді. 30 жылдық тәжірибесі бар ұлағатты ұстаз салауатты өмір салтын ұстанады. Спорт әлеміне небары 52 жасында қадам басып, қысқа уақыт ішінде пауэрлифтингтен бірнеше мәрте халықаралық сайыс жеңімпазы атанған.

Айгүл Ержанова, рекордшы:                    

- Мен бұл уақытқа дейін ауыр атлетикамен айналыстым. Сол дайындығымның қорытындысы және түрлі салмақтағы машиналды тартып бір ай дайындалдым. Мен өзім көрсетіп жүрген қашықтығымды бүгін артығымен жасадым. Жаттықтырушыларымның арқасында. Олар болмаса, мен мұндай жетістікке жете алмаймын.

Қуандық Құдайбергенов, Global book of records ресми өкілі:

- Өтініш бойынша бұл кісіде 40 метр болды. Бірақ бұл кісі 57-56 метр жүріп өтті. Сондықтан әлем рекорды толық орнатылды.  Рекордтың ерекшелігі: 55 жастағы әйел адамдардың арасында мұндай рекорд ешқашан орнатылмаған. Сондықтан 3 айдың ішінде «Дүниежүзілік джибиэр» халықаралық рекордтар реестріне кіреді.