Бүгін Қорғаныс өнеркәсібі қызметкерлері күні
Бүгін Қорғаныс өнеркәсібі қызметкерлері күні. Осыған орай Астанада әскери көрме ұйымдастырылды.
Онда заманауи қару-жарақтар, әскери техника, байланыс құралдары мен ұшқышсыз ұшу аппараттары таныстырылды. Сондай-ақ төл мерекеге орай салаға еңбегі сіңген 20 адам арнайы марапат алды.
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінде бүгін ерекше қарбалас. Кәсіби мерекеге орай мұнда Қорғаныс өнеркәсібі қызметкерлері мен кәсіпорын өкілдері жиналды. Олар заманауи қару-жарақтар мен әскери техникаларды көпшілік назарына ұсынып, соңғы жетістіктерімен бөлісті. Мәселен, мына бір техника радио байланысты қамтамасыз етеді.
Ілияс Аленов, Байланыс құралдары мен роботталған жүйелерді шығаратын компанияның Маркетинг департаментінің директоры:
- Бұл әскери көліктерде ішкі байланысты қамтамасыз ететін құрал. Бұл толық өзіміз шығарған өнім. Бағдарламалаудан бастап, конструкторлық құжаттарға дейін өзіміз дайындадық. Сонымен қатар бүгін ұшқышсыз ұшу аппаратын көрмеге шығардық. Мысалы, «Қарақұрт» ұшқышсыз үшу аппараты 10-нан 50 келіге дейін жүк көтеріп, әскери көліктерде барлау жұмыстарында қолданылады.
Салада 10 мыңнан астам адам қызмет етеді. Негізінен бұл инженерлер, технологтар, физика мамандары, сынақтан өткізушілер мен бағдарламашылар.
Нұрболат Бекболат, ҚР ӨҚМ Қорғаныстық өнеркәсіптік кешен департаментінің басқарма басшысы:
- Қорғаныс өнеркәсібі саласына 50-ге жуық кәсіпорын тұрақты түрде жұмыс жасайды. Олар әртүрлі салада: әскери техника, кемелер, қару-жарақ, оқ дәрілер өндірісін өздерінің, еліміздің ұлттық қауіпсіздігіне үлесін қосуда.
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінде өткен іс шарада сала қызметкерлері мен ардагерлеріне арнайы марапаттар табысталды. Салаға еңбегі сіңген 20 қызметкерге құрмет көрсетілді. Оларға ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» ордені мен «Ерен еңбегі үшін» медалі берілді.
Соңғы жылдары отандық әскери өндіріс 50%-ға ұлғайды. Бұл сан енді өсе береді деген болжам бар. Себебі отандық өндірісті дамыту - мемлекет тарапынан ерекше назарда. 10 жылдан астам осы бағытта жүрген кәсіпорындар үшін бұл үлкен мүмкіндік. Кәсіпкерлер өндіріс көлемін арттырып, қорғаныс саласының дамуына үлес қосуға дайын.
Дмитрий Донских, Кеме жабдықтарын шығаратын компанияның бас директоры:
- Бүгінде біздің компанияда 100 шақты адам жұмыс істейді. Олар: инженер-механиктер, электриктер, дәнекерлеушілер. Президент жергілікті өндірістің үлесін арттырып, отандық өнімдерді қолдауға шақырды. Бізде жаңа өнім шығаруға толық мүмкіндік бар. Бұл шекара қызметі мен әскери-теңіз күштеріне арналған жүзу құралдары, кемелер мен қайықтар.
Қазірдің өзінде Қазақстанда заманауи брондалған көліктер шығарылып жатыр. Ескі техникалар жаңа талаптарға сай жаңғыртылуда. Арнайы техниканы күрделі жөндеу де жолға қойылды.
Бұл арнайы камерасы бар, автоматтандырылға әскери модуль. Жалпы бүгінгі көрмеге Қазақстанның қорғаныс өнерәсібінде шығарылатын соңғы үлгідегі өнімдер қойылды. Олардыңі ішінде мынадай броньдалған машиналар, жаяу әскерге арналған техника, автоматтар мен алыс қашықтыққа ұшатын дрондар бар.
Авторлары: Ғазиза Мұхамеджанова, Ақылбек Есімсейітов