Қазақстан академиялық хабқа айналмақ

Қазақстанда білім алып жүрген шетелдік студенттердің саны 31 мыңнан асты. Олардың басым бөлігі Үндістан, Ресей, Қытай және Пәкістан елінің білімгерлері.

Ал елімізде шетелдік 22 университеттің филиалы жұмыс істейді. Алдыңғы қатарлы жоғары оқу орнында қос диплом беру бағдарламасы да енгізілген. Бұл студенттерге бір мезгілде екі елдің дипломын алу мүмкіндігін береді. Алдағы жылдары жаңа академиялық және зерттеу орталықтары ашылмақ. Мұндағы мақсат Қазақстанды аймақтағы білім мен инновацияның орталығына айналдыру. Бұл туралы бүгін Ғылым және жоғары білім министрі қоғамдық және үкіметтік емес ұйымдармен өткен кездесуде мәлімдеді. Жиында студенттерді қолдауға бағытталған бірқатар жаңа бастамалар жүзеге асатыны туралы айтылды.

Бану Нұрғазиева, Қазақстанның азаматтық Альянсының президенті:

- Ең үлкен міндет – жастармен жұмыс істеу. Оның ішінде білім алып шыққан студенттерді жаңа өмірге дағдылау. Дамыту керек негізгі саламыз – экономика. Сол үшін осыларға мән беру керек. Тәрбиесіне, оқуына, адамгершілігіне және патриоттық сезіміне.