Қарағанды облысындағы тұрақтандыру қорында 384 тонна азық-түлік бар

Қарағанды облысындағы тұрақтандыру қорының қоймаларында 384 тонна азық-түлік сақтаулы тұр.

Қант, күнбағыс майы, жарма және ұн қымбаттай қалса, қордағы өнім әлеуметтік дүкендерге шығарылады. Одан бөлек фермерлер қалада өнімін делдалсыз сататын әлеуметтік павильон ашылды. Мұнда ет, сүт өнімдері, көкөніс пен жұмыртқа нарықтағы бағадан арзанға сатылуда. 

Әлеуметтік павильонға өнімдерді Шет ауданының фермерлері жеткізеді. Сауда нысаны облыс әкімінің тапсырмасымен ашылды. Мұнда шаруалар өнімін делдалсыз өткізіп, ал  қала тұрғындары әлеуметтік азық-түлік түрлерін қолжетімді бағамен сатып алады. Мысалы, ет, сүт, жұмыртқа  мен бакалея өнімдерін және көкөністі базар бағасынан арзан алуға болады. Күн сайын павильонда 700 кг дейін ет сатылады.

Балжан Адамова, қала тұрғыны:

- Бұл дүкенді ашқанына өте қуаныштымын. Осы жерде тұрамын, зейнеткермін. Жақсы, қолжетімді бағада. Өткенде келіп ет алдым, бүгін мінеки сүт алдым жақсы.

Азық-түлік бағасын тұрақты ұстап тұру үшін,  тұрақтандыру қоры толықтырылып отырады. Қазір қоймаларда 35 мың литр күнбағыс майы, 67 тонна күріш пен 29 тонна қарақұмық бар. Бұл өнімдер баға өскен жағдайда дүкендерге жеткізіледі. Сонымен қатар жергілікті билік ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілермен картоп, сәбіз, қырыққабат және пиязды тікелей жеткізу бойынша келісімшарт жасады.

Берік Тоқмурзин, ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары:

- Бүгінгі таңда біз «Сарыарқа» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы 19045 тонна сәбіз, картоп, пияз, қырыққабат өнімдері үшін келісім-шарт жасалды. Қарағанды нан жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арқылы нанды 130-135 теңгеден саудалап жатырмыз. Қосымша 270 теңгеден макарон өнімдерін саудалап жатырмыз.

Фермерлерге қолдау көрсетудің және қала тұрғындарын қолжетімді бағадағы азық-түлікпен қамтамасыз етудің тағы бір тиімді жолы ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері. Мұнда экологиялық таза өнімдерді нарықтағы бағадан 20% арзанға сатып алуға болады. 

Руслан Нұрланұлы, Сайран Ақамбаев, Аман Хамит