Алматыда жалпы қалалық сенбілік өтті

Алматыда да жалпы қалалық сенбілік өтті. Республикалық «Таза Қазақстан» акциясы аясында ұйымдастырылған шараға мегаполис әкімі бастаған қоғам өкілдері, депутаттар мен еріктілер қатысып, қаланың әр ауданында ағаш отырғызды.

Табиғатты аялауға бағытталған бұл бастама - Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асып жатқан ұлттық бағдарлама аясында өтуде. Осы күні шаһарда 4 мыңға жуық жасыл желек тамыр жайды.

«Таза Қазақстан» - табиғатты қорғаудың ғана емес, азаматтық мәдениеттің де көрсеткіші. Қала басшысы ағаш отырғызу арқылы экологиялық жауапкершіліктің үлгісін көрсетті. Дархан Сатыбалдының айтуынша, қоршаған ортаны сақтау - келер ұрпақ алдындағы борыш. Сенбілікке 14 мыңнан аса адам қатысты. Олардың қатарында еріктілер мен белсенді жастар да бар.

Толғанай Данабекова, ерікті:

- Сенбіліктер, челенджер, эстафеталардың барлығына белсенді қатысамыз. Күнделікті қоқысты өзім жинау арқылы өзімнің осы әдетімді қалыптастырып, «Таза Қазақстанның» бір бөлшегі болып жатырмын.

Акция өткен Достық саябағында коммуналдық қызмет өкілдері 50 ағаш пен 130 бұта түрін отырғызды. Сенбілік аясында тек көк желек егіліп қана қоймай, қала көшелері мен саябақтар күл-қоқыстан тазартылды. Жалпы бір күннің өзінде қала аумағынан 1600 тонна қоқыс шығарылған.

Асыл Мұқанәлі, Бостандық ауданы әкімі аппаратының бөлім басшысы:

- Жалпы Бостандық ауданы әкімі аппаратының, қала әкімдігі аппаратының әлеуметтік желілеріне тұрғындардан өтініштер түсіп жатады. Біздің аулада, аумақта сенбілік өткізу қажет деп айтады. Біз соны жоспарға қосып, әр сенбі сайын тұрғындарды, еріктілерді жинап, сенбіліктерді өткізіп тұрамыз.

Биылдың өзінде Алматыда 31 мыңнан аса ағаш отырғызылды. Қала көшелеріне фандоматтар орнатылып, қалдықтарды сұрыптау мәдениеті кеңейіп келеді. Осындай істер арқылы «Таза Қазақстан» бағдарламасы экологиялық сана мен ұлттық жауапкершілікті қалыптастыруға жол ашып отыр.

Авторлары: Алуа Ералықызы, Валентин Лобанов