БҚО-да өңдеу өнеркәсібі қарқынды дамып келеді

Өңірде мемлекет қолдауымен 250 жоба қолға алынған. Биылдың өзінде кәсіпкерлерге көрсетілген көмек көлемі 35 млрд теңгеден асқан. 

Корпусты жиһаз жасайтын мына кәсіпорын екі жыл бұрын ашылды. Мұнда 28 адам жұмыспен қамтылған. Сұраныс жоғары болғасын өнім көлемі де жыл санап артып келеді. Биыл өндіріс орны 110 млн теңге жеңілдетілген несие алған. Қаржы жаңа жабдықтар мен шикізат алуға жұмсалды. 

Асланбек Әминов, кәсіпкер:

- Қосымша үш станок алдық, өндірісті жаңғырттық. Несиені жапқасын тағы да жаңадан қондырғылар аламыз. Себебі құрал-жабдықтар бір орында тұрмайды. Жыл сайын қуаттылығы жоғары, жылдамдығы мол жаңа жабдықтар шығып жатады. 

Ал полиэтилен құбырлар мен тамшылатып суару жабдықтарын шығаратын мына кәсіпорын өнімдерін экспортқа жібереді. Олар да кәсіпкерлікті қолдау шараларының маңызы зор екенін айтады.

Нұржан Нұрғалиев, технолог:

- Жылына 10-нан 20 млн метрге дейінгі тамшылата суару лентасын шығарамыз. Өнімді тек Қазақстан емес, Ресей, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғыз елдеріне жібереміз. 

Жеңілдетілген несиені биыл жүздеген кәсіпкер пайдаланды. Соның арқасында жаңа жұмыс орындары құрылып, бизнес үшін жаңа нарыққа жол ашылды. Өңдеу өнеркәсібі, туризм, көлік инфрақұрылымы, денсаулық сақтау салалары басымдыққа ие.

Тарас Шалыга "Даму" кәсіпкерлікті дамыту қоры" АҚ ОФ директоры:

- 2025 жылдың басынан бері «Өрлеу» бағдарламасы бойынша жалпы сомасы 11 млрд теңгенің 41 жобасы қолдау тапты. 120 жобаға 15 млрд теңгенің кепілдігі берілді. Және 87 жоба 8 млрд теңгеге субсидияланды. Кәсіпкерлердің 12,6% 10 жылға несие алуға мүмкіндігі бар. 

Сонымен қатар кәсіпкерлікті қолдауға биыл облыс бюджетінен де қомақты қаржы қарастырылған.

Мейрам Қабдығалиев, кәсіпкерлік басқармасының бөлім басшысы:

- Ағымдағы жылы кәсіпкерлікті қолдау бағдарламасы аясында 2,1 млрд теңге қарстырылған болатын. Оның 1,8 млрд теңгесі пайыздық мөлшерлемені субсидиялауға, сонымен қатар 180 млн теңгесі кепілдеме беруге және 148 млны мемлекеттік гранттар беруге қарастырылған. Әлеуметтік кәсіпкерлерге қазіргі таңда жалпы  7 млрд теңгеге несие сомасына 80 келісім шартқа қол қойылды. Сонымен қатар кепіідеме бойынша 21 келісімшартқа қол қойылды.

Батыс Қазақстан облысында 60 мыңдай кәсіпкерлік субьектісі тіркелсе, салада 120 мың адам жұмыспен қамтылған. Шағын және орта бизнестің өңірлік жалпы өнімдегі үлесі 35,7 пайызға жеткен.

Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Қалыбек Ақкрап, Эльдар Аюпов