Депутаттар Ішкі істер министріне қандай мәселелерді айтты?

Елде қылмыс саны азайғанымен тұрмыстық-зорлық зомбылық тыйылмай тұр.

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутат Жанарбек Әшімжан осылай деп, саладағы олқылықтарды сөз етті.  Халық қалаулылары жаңа заң жобасын таныстырған Ішкі істер министріне тағы қандай мәселелерді айтты? 

«Құқық бұзушылық профилактикасы туралы» жаңа заң жобасында бір бағыттағы 5 түрлі заң біріктірілді. Бұдан былай өңірдегі тәртіп пен қауіпсіздік үшін құзырлы органдар ғана емес, әкім-қаралар да жауап береді. Мұндағы мақсат алдын алу шараларының жұмысын жетілдіру.

Ержан Сәденов, ҚР Ішкі істер министрі:

- Ортақ жауапкерпшілік енгізіледі. Әкімдер өңірдегі құқықтық тәртіптің жай-күйі үшін, мемлекеттік органдар өз құзыреті бойынша профилактика үшін, мәслихаттар олардың есептерін тыңдау бойынша жергілікті қоғамдастықтардың ролі күшейтіледі.

Жаңа заң жобасы таныстырылған соң, әдеттегідей депуттар сауалы жаңбырша жауды. Жанарбек Әшімжан елде қылмыс саны азайғанымен, тұрмыстық зорлық-зомбылық тыйылмай тұрғанына қапалы. Еске салсақ, мұндай жайттардың алдын алу үшін әр аймақта арнайы бөлімшелер де ашылған. Алайда онда қызмет ететін учаскелік полицейлердің жалақысы мардымсыз. Мұны Қарақат Әбден айтып отыр. 

Қарақат Әбден, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- 10 жылдық жұмыс тәжірибесі бар учаскелік полиция қызметкері 400 мың теңге жалақы алады. Тағы тұрғын үй үшін алатын жәрдемақысы тағы бар. Мәселен, Астанада бұл үшін 93 мың теңге төленеді. Ал тура осы секілді 10 жылдық жұмыс тәжірибесі бар тұрмыстық-зорлық зомбылыққа қарсы күрес жөніндегі бөлімнің учаскелік полициясы бар болғаны 250 мың теңге айлық алады. Оған қоса тұрғын үй үшін жәрдемақы төленбейтіні тағы бар.  

Министр бұған жауап ретінде қаржының аздығы қолбайлау болып тұрғанын алға тартты. Сол үшін 16 өңірдегі учаскелік полицей тұрғын үй үшін төленетін төлемнен қағылып отыр. Шені мен тәжірибесі тең болса да, айлық айырмашылығының теңсіздігі жақын арада шешілмек. Қаржы министрлігі жаңа еңбекақы төлеу жүйесін енгізу бойынша жұмысты бастапты. Полицейлердің айлығын көтеру үшін бюджеттен 300 млрд теңге бөлінбек.

Абзал Бейсенбекұлы, ҚР Қаржы вице-министрі:

- 2025 жылы аталған бағытқа осы жаңа жүйені енгізу үшін мемлекеттік бюджеттен 165 млрд теңге көзделіп отыр. 2026 жылы 154 млрд теңге бөлуді жоспарлап отырмыз. Яғни осындай алшақтықтың бәрі азайып, еңгерімсіздіктерді жоюға бағытталған жаңа жүйе енгізіледі.

Отырыста министрге полицейлердің жұмысы үшін ғана емес, экранда көрсетілетін сериалдар мен фильмдер үшін де сын айтылды. Мұрат Әбенов отандық туындылар қыз алып қашуды насихаттады десе, Құдайберген Бексұлтанов кинолар бейәдеп сөздерге толып кеткеніне қынжулы. 

Бексұлтан Құдайбергенов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Міне қараңызшы біздің жастар қандай фильмдерді қарап жүр? «Сәке, Бәке, Прокурор, Қара қарға, 105 мектеп». Заң мен тәртіпті насихаттаудың орнына фильмдер арқылы көргенсіздік пен тұрпайылықты, арсыздықты насихаттауға жол беріп жатырмыз. Мұндай дүниелер онсызда әлеужеліде толып тұр. Ал біз оны кино арқылы одан әрі күшейтіп отырмыз. 

Ержан Сәденов, ҚР ІІМ Министрі:

- Енді бүгінгі ұсыныс отырған заң жобасында да осы мәселелер қаралған. Жұмыс істеу керек. Тәрбие жұмыстарын жүргізуіміз керек. Тек полиция мен мәдениет министрлігі ғана емес, бүкіл қоғам болып соған ұсынып отырмыз ғой осындайды. 

ІІМ мәліметінше, елде 20 мыңға жуық қоғамдық көмекші бар. Олардың арқасында 9 айда 300-ден астам қылмыс әшкереленді. 15 мыңнан астам құқық бұзушылық анықталды. Белсенділер бұл ісі үшін ешқандай ақы алмайды. Осылайша жаңа заң жобасының бірінші оқылымы осылай аяқталды. Министрлік депутаттар тарапынан айтылған ұсыныс пен көрсеткен кем-кетіктерін сүзгіден өткізіп, екінші оқылымда қайта таныстыратын болады.

Шерхан Абзалұлы