Ақтауда халықаралық жастар форумы өтіп жатыр

Өлке тарихында алғаш ұйымдастырылған ауқымды шараға Мәдениет және ақпарат министрлігі мен аймақ әкімдігі қолдау көрсетті.

Екі күндік форумға түркі тілдес бес мемлекеттен белсенді жастар келді. Олар өз елінде жастарды қолдауға бағытталған жобалармен таныстырып, өзара тәжірибе алмасуға ниетті.

«Aktau Youth Forum»-ға бауырлас Түркия, Әзербайжан, қырғыз-өзбек, Түрікменстан және аймақтардан келген 150 делегат қатысады. Аймақ әкімі Нұрдәулет Қилыбай шараның маңыздылығына тоқталып, Ақтаудың түркі әлемі жастарының креативті бастамаларымен бөлісетін алаңға айналғанына ризашылық білдірді.

Нұрдәулет Қилыбай, облыс әкімі:

- Бүгінгі шара Мемлекет басшысының жастарды қолдау бағытындағы стратегиялық саясатының әдемі бір көрінісі деп есептейміз. Төрт бағыт бойынша панелдік сессиялар болады, ой таластырасыздар. Пікір алмасасыздар. Сол жұмыстарыңызға әрине біздер сәттілік тілейміз. 

Форум аясында «Серпіліс», «Сана», «Саулық» және «Сауат» бағыты бойынша панельдік сессиялар, семинар-практикумдар мен воркшоп-жиын ұйымдастырылады. Танымдық кездесу соңында өлке меймандары Маңғыстаудың тарихи-мәдени орындарына саяхат жасайды.

Аннагелди Годоров, Мақтымқұлы атындағы жастар ұйымының өкілі /Түрікменстан/:

- Киелі мекен Маңғыстауға алғаш келуім. Мұндай ауқымды шара жастардың жаңа идеяларымен бөлісіп, ой-өрісін кеңейтуге мүмкіндік береді деп сенемін. 

Қалампыр Уәзірова, облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысының орынбасары:

- Маңғыстау облысының жастары арнайы сайтқа тіркелу арқылы осы сессияларға қатыса алады. Сол сессияда өздерінің көкейіндегі сұрақтармен алмаса алады. Көптеген мағлұматтар алады деп күтілуде. 

Бағдарлама шеңберінде еліміздегі жастардың ресурстық орталықтарын дамыту жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысы өтеді. Журналист Дана Нұржігіт, еуропалық және америкалық урология қауымдастықтарының өкілі Фархат Равилов секілді белгілі тұлғалар жас буынмен жүздесіп, ақыл-кеңесімен бөліседі. 

Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев