Bek Air ұшағының апатына пилоттар кінәлі деп танылды

Алматының Түрксіб аудандық соты алты жыл бұрынғы Bek Air ұшағының апатына ұшқыштар Марат Мұратбаев пен Миржан Молдақұловты кінәлі деп таныды. 

Алайда олардың қайтыс болуына байланысты жаза тағайындаған жоқ. Апатқа ұшақ қанатының үстіне қар мен мұздың жиналуы себеп болған. Экипаж ұшу қауіпсіздігі талаптарын өрескел бұзған, деді судья. Олар қанат бетіндегі қар мен мұзды анықтамаған және әуе кемесіне мұздануға қарсы өңдеу жүргізу туралы шешім қабылдамаған. Лайнер бағыттан ауытқи бастағанда ұшуды тоқтатпаған. Сот шешіміне сәйкес Bek Air компаниясының мүлкіне салынған тыйым азаматтық талап-арыздар қаралғанға дейін сақталады. Оның сомасы шамамен 5 миллиард теңге көлемінде. Еске сала кетейік, 2019 жылы 27 желтоқсанда  Bek Air компаниясының Алматыдан Астанаға шыққан Fokker-100 ұшағы әуеге көтеріліп, көп ұзамай биіктігін жоғалтады. Артынша қоршауды бұзып, әуежай маңындағы коттеджге соғылған. Апат салдарынан 12 адам қаза тапты.

Дастан Әлмағамбетов, Түрксіб аудандық сотының судьясы:

- Сот Мұратбаев Марат Ғаниұлын Қылмыстық кодекстің 344-бабының 3-бөлігінде көзделген құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танып, қайтыс болуына байланысты жаза тағайындамады. Молдақұлов Миржан Ғайноллаұлы да Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 344-бабының 3-бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танып, қайтыс болуына байланысты жаза тағайындамады.