Атырау облысына келетін турист саны артқан

Атырау облысына кейінгі 6 айда 83 мыңнан астам турист келді.

 Былтырмен салыстырғанда саяхатшылар қатары 20 пайызға өсті, дейді жауаптылар. Шетелдіктерді әсіресе тарихи орындар қызықтырады. Сондықтан туристік аймақтағы нысандарды жаңғыртып, қызмет сапасын арттыру үшін инвестиция тарту жұмысы жүріп жатыр. Дегенмен, түйткілді мәселелер де жоқ емес.

Туристердің дені Алтын Орданың астанасы болған Жайықтың жағасындағы көне Сарайшық қаласын көруге келеді. Тарихтан сыр шертетін мекенді жыл басынан бері 23 мыңнан астам адам тамашалаған. Қазір қорда сақталған 6 мыңға тарта жәдігер келушілердің қызығушылығын арттырып отыр. Қазба жұмыстары да үздіксіз жүргізілуде. 

Әбілсейіт Мұхтар, Сарайшық мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының директоры:

- Әрбір қазбадан соң табылған жәдігерлердің барлығы іріктеліп, тазаланып, есебі дайындалып, министрлікке жіберіледі. Министрлік бекіткеннен кейін олардың барлығын біз өзіміздің қорымызға қабылдаймыз. Биылғы жылдың тағы бір ерекшелігі, біз Еділ мен Жайық аралығындағы Алтын Ордалық қалалардың барлығын аралап келдік. Ол жерлерден біраз жәдігерлерді өзіміздің Сарайшық музейінің қорына алып келдік.

Өңірде көз тартар көркем жер көп. Бірақ көбінде туристер үшін қолайлы жағдай жасалмаған. Мысалы, Индер ауданындағы Тұздыкөл мен 70-жылдары борат өндірілген карьерді көруге баратындар жол азабын тартады. Ұялы байланыс та жоқ.

Еламан Қарманов, Атырау қаласының тұрғыны:

- Негізі келушілер көп. Демалыс күндері көп болады. Бірақ деген бар. Мына жақта келетін кісілердің жағдайларын бір жақсартатын, үлкен ғып бір демалыс орнын салып беретін жеке кәсіпкерлер болса, керемет болар еді Атыраудың туризмі дамып. Басқа қалалардан келетіндер мысалы. Солардың жағдайларын жасап дегендей, келушілер көп болады ғой.

Туристерге жағдай жасау үшін жауаптылар Жол картасының әзірленген. Туризм саласына инвестиция тартуға да басымдық беріліп отыр, дейді.

Динара Тоқсанова, облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы бөлімінің бас маманы:

- 2025 жылдың 9 айында туризм саласындағы инвестиция көлемі 32 млрд теңгені құрады. Өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 2 есеге ұлғайып отыр. Туристік инфрақұрылымды және туристік орындарды абаттандыру бойынша ортағасырлық Сарайшық қалашығына барар ауылішілік жол салу, Ақмешіт қорымына 34 шақырымға жол салынуда. Сонымен қатар биыл Құрманғазы ауданындағы лотос алқабы абаттандырылды.

Былтыр өңірде «Визит Атырау» туристік-ақпараттық орталығы құрылды. Ондағы қызметкерлер келушілерге толық көмек көрсетеді. Өңірдің киелі орындары мен кереметін таныстыратын гид қызметі де бар. Жуырда 19 маман курс оқыған. Әлеуметтік желідегі ақпарат та жиі жаңартылады, дейді мамандар.

Салтанат Байтекенова, "Vizit Atyrau" орталығының маманы:

- Сайтта да, ақпараттық киоскта да қонақ үйлер, жеті кереметіміз, толыққанды виза туралы ақпаратымыз, қалай бару керек, қалай жасау керек, билетті қайдан алады, сонымен қатар мәдениет күнтізбесі де, барлығы да 3 тілде толық ақпарат берілді. Олар сол бір салынғаннан емес, күнделікті жаңартылып тұрады.

Өңірдегі киелі орындардың бірі Ақмешіт қорымы. Мұнда келетін турист саны жыл сайын артып келеді. Бұған дейін жол мәселесі өзекті болатын. Қазір осы түйткілді шешу үшін 34 шақырым жол салынып жатыр. Бұдан бөлек Құрманғазы ауданындағы лотос алқабы да туристердің қызығушылығын тудырып отыр. Ал Ақкегершін борлы үстірті табиғаттың тамаша туындысы. Келушілерге қолайлы жағдай жасалса, өңірдің туристік әлеуетін арттыруға мүмкіндік мол-дейді мамандар.

Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин