Түркістан облысында 3,5 мыңнан аса жұмыс орны ашылды

Түркістан облысында «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 3,5 мыңнан астам жұмыс орны ашылды, деп хабарлайды 24KZ. Тұрғындардың табыс көзі өсіп, атаулы әлеуметтік көмек алушылардың саны азайды. Енді кәсіпкерлікті одан әрі дамытуға көңіл бөлінбек. Осы мақсатта ауыл шаруашылық өнімдері қайта өңделеді.

Еңбектің ебін білетін Өтеген Сыздықов мемлекеттік қолдаудың арқасында кәсіп ашты. Жылыжай кешенін салып, жеңілдетілген пайызбен 9 миллион теңге несие алды. Қазір жиын-терім науқаны қызып тұр.

Өтеген Сыздықов, шаруа:

- Өнім жақсы, аптасына екі рет теріп жатырмыз. Тонна, тонна жарымнан теріліп жатыр. Қазіргі таңда осы жылыжайдың басынан 850 теңгеден алып кетіп жатыр. Бізге бұл жақсы жеңілдік болды, 2,5%-пен бергені.

Биыл Шұбарсу ауылында жылыжай шаруашылығын дамытуға 6,5 гектар жер бөлінді. «Ауыл аманаты» бағдарламасының тиімді шарттары түсіндіріліп, кәсіп ашуға ынталы тұрғындарға бағыт-бағдар берілді. Нәтижесінде 37 жылыжай салынып, табиғи таза өнім нарықа шығарылды.  

Күмісай Сүлеева, шаруа:

- Базарда қазір 900 теңге болып жатыр қиярдың бағасы. Өткенде жаздыгүні 300 теңгеден де саттық қой. Күн райы салқындаған соң қымбаттайды екен. Жақсы. Өнімділігі де жақсы. Келесі жылы үлкейтеміз. Қасына тағы қосамыз деп отырмыз.

Түркістан облысында 3 мыңнан астам жоба қаржыландырылды. Жалпы 23 миллиард теңгеге бау-бақша, балық және мал шаруашылықтары ашылды. Сала мамандарының айтуынша, соңғы екі жылда ауыл тұрғындарының орташа табысы 20% артқан.

Мадияр Мамытов, Ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:

- Жалпы ағымдағы жылы жобаға 16 ауданнан 62 ауылдық округ қатысып, 62 кооператив құрылды. Нәтижесінде 1097 жобаға қолдау көрсетіліп, атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 90 отбасы немесе 360 адамға қысқарады.

Алдағы уақытта аграрлы өңірде қайта өңдеу саласына басымдық беріледі. Қосалқы шаруашылықтар кооперативтерге біріктіріліп, толық өндірістік жүйе қалыптасады. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жылыжай кешендерін жаңғырту ұсынылды.

Өңірде «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 3,5 мыңнан астам жұмыс орны ашылды. Бос жатқан жерлер игеріліп, жылыжай шаруашылықтары құрылды. Ал алқаптарда енгізілген заманауи технологиялардың арқасында бірнеше рет өнім жинауға жол ашылды. «Бұл тұрғындардың тұрақты табысқа шығарды», – дейді сала мамандары.

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Бекмұратов, Нұрмахан Мұсатов