Құсмұрын кентінің жұрты жылуға жарымай отыр

Қостанай облысындағы Құсмұрын кентінің тұрғындары пәтеріміз дұрыс жылымайды деп редакциямызға хабарласты. Олар көпқабатты үйлердегі жылуға қатысты мәселе үш жылдан бері шешімін таппай отырғанын айтады. «Қазір тұрғындар жылытқышты пайдалануға мәжбүрміз», – дейді.

Светлана Галутова 20 жылдан бері көпқабатты үйде тұрып келеді. Күн суытқалы 4 бөлмелі баспанасының жартысын ғана пайдаланып отыр. Жылуды үнемдеу үшін екі бөлмесін жауып тастаған.

Светлана Галутова, Құсмұрын кентінің тұрғыны:

- Жылу өлшейтін құрылғымен көрсете аламын. Мінекей, небәрі 15-16-ны ғана көрсетіп тұр. Ал жылу қалпыты болған жағдайда шамамен 49-ды көрсетуі керек.

Құсмұрын кентіндегі орталық қазандыққа көпқабатты 17 үй қосылған. Шамамен 480-ге жуық абонент бар. Соның 70-і жылу жеткіліксіз деп шағым айтып отыр.

Жанат Кенжетаева, Құсмұрын кентінің тұрғыны:

- Жылыту маусымы басталғалы үйіміз суық болды. Күнде-күнде суын төгіп отырамыз. Батарея тастай. Зал да, екі жақ та тастай. Мына жақта жай ғана қанжылым болды. Ыстық мүлдем болған жоқ.

Бұл мәселені аудан әкімдігі мен жылуға жауапты компания басшылығы біледі. Арнайы құрылған комиссия мүшелері әрбір пәтер мен жертөлені аралап, жылу жүйесін тексерген.

Пётр Белов, жылумен қамтуға жауапты кәсіпорынның өкілі:

- Мәселе көп. Ең біріншіден, жылу жүйесінің теңгерімі сақталмаған. Жертөледегі құбырлар ескі, бәрі тот басқан, шұрық-тесік. Кейбір үйлер рұқсатсыз еден жылыту жүйесін орнатып алған. Оған құжат түрінде дәлеліміз бар. Тиісті айыппұл да салынды. Жалпы біздің міндетіміз – жылуды үйдің жертөлесіне дейін жеткізу. Ал одан әрі пәтер ішіне тартып алу – меншік иесінің өз міндеті.

Әкімдік өкілдері тұрғындарға қыс қаһарына мінгенше пәтер ішілік құбырда анықталған ақауларды өз күшімен жою қажеттігін ескертіп отыр.

Әсет Бекеш, Әулиекөл ауданы әкімінің орынбасары:

- Әр тұрғын өзінің үйіндегі жылу батареяларын тазалап, құбырдан ауа шығарып тұруы тиіс. Жауапты мекемеге ескертпей орнатылған еден жылыту жүйесін ағыту қажет. Осы жұмыстарды жүйелі ұйымдастыру үшін тұрғындарға мүлік иелері бірлестігін құру керектігін түсіндіріп жатырмыз. Жалпы орталық қазандықтан келіп тұрған жылудың көрсеткіші нормаға сай. 60 градус.

Құсмұрындағы көпқабатты үйлердің кейбірі осыдан 50 жыл бұрын салынған. Басым бөлігінде басқару жүйесі жоқ. Мүлік иелері бірлестігін құруға құлықсыз. «Сондықтан жылу жүйесін жай-күйін бақылау жұмыстары тиісті деңгейде орындалмай отыр», – дейді жауаптылар.

Авторлары: Елдос Кәкенов, Наталья Строкова, Сергей Трахтенберг